Елордада алдағы оқу жылында да мектептер ашылмауы мүмкін

Елордада алдағы оқу жылында да мектептер ашылмауы мүмкін
Sputnik Казахстан

Елордалық оқушылар ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша мектепке оралмауы мүмкін.

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.

«Қаламызға қосымша шектеулер енгізгіміз келмейді. Бұл қала экономикасына, тұрғындардың әл-ауқатына әсер етеді. Сонымен қатар күзде жаңа оқу жылы басталады. Бірақ балаларымыз үшін мектептерді қайта аша алмаймыз. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін қаламыз қалыпты режимге оралмайды», – деді ол.

Нұр-Сұлтан вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша әлі де «қызыл аймақта». Қауіпті індет күніне 300-ге жуық адамнан анықталып отыр.

«Вакцинация – адам өмірін қауіпті вирустан құтқаратын жалғыз панацея. Біз ешбір дәлелі жоқ, ауыздан ауызға таралған, интернетте, чаттарда жазылған жалған әңгімелерге емес ғылыми түрде дәлелденген қорғану тәсіліне сенуіміз керек. Вирус адам жасына қарамайды. Оған бәрібір. Ол мейірімділікті білмейді. Достар, өзіңіздің, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың өміріне бейжай қарамауыңыз керек. Біз айналамыздағы адамдар үшін жауаптымыз. Вакцинация арқылы өзімізді қауіпсіздендіре отырып, жақындарымызды қатерден сақтаймыз», – деп жазды елорда әкімі.