Шымкентте жаңадан 20 мектеп ашылды

Шымкентте тойхана емес, мектеп ашу сәнге айналды. Салаға инвесторлар қаржы құюда. Жаңа оқу жылында мегаполисте 20 білім ордасының тұсауы кесілді. Оның 15-ін кәсіпкерлер салған. Мектеп проблемаларына бизнесті қосу керектігін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтқан болатын. Тіпті ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға көшіруді тапсырды.

Бұл жерде қоңырау ешқашан соғылмаған. 30-жылдары салынған бір қабатты ғимарат қазір қаладағы ең көрікті нысандардың біріне айналды. Жаңа мектептің табалдырығын 250 бүлдіршін алғаш рет аттап отыр.

Вероника Расоренко, қала тұрғыны:

- Өте әдемі кабинеттер. Балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Бір партада бір ғана бала отырады. Бұл қазіргі жағдайда керек нәрсе.

Жаңа оқу ордасы 3 айда салынды. Бұл қаладағы апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге септігін тигізді. Ең бастысы, оның құрылысына бюджеттен бір теңге де бөлінген жоқ. Әлеуметтік жобаны кәсіпкер Низамхан Сулайманова жүзеге асырды. Бұл оның 4-мектебі.

Низамхан Сулайманов, инвестор:

- Бұл жоба пайда үшін емес. Қазір маған осылай мектеп салғысы келетін көптеген кәсіпкер хабарласып, ақыл сұрайды. Бұл жерде салған қаржың 25 жылдан кейін қайтарылады.

Кәсіпкердің айтуыныша, бұл табысты бизнес емес. Бұл балалар үшін салынған қайтарымсыз қаржы. Оның үстіне мемлекеттік мектептерде оқу орыны тапшы. 

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Биыл бізде 14 үш ауысымды мектеп болды. Қазір 9. Шымкенттік кәсіпкерлерге мың алғыс. Шынын айтқанда, қаламызда тойхана көп еді. Қазір олар мектепке айналып жатыр.

Бұл Шымкенттегі үш ауысымды мектептердің бірі. 1800 орынға шақталған оқу ордасында 4 мың бала білім алады. Балалар тар кабинеттерде тығылысып білім алуға мәжбүр. 

Наталья Полонец, №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

- Бізге мектептен 4 шақырым жердегі бір ғимарат берілді. Бірақ ол алыс. Ата-аналар да қарсы болды. Сондықтан үш ауысымда оқуға тура келді.

Мегаполистегі 14 оқу орыны бірінші сынып оқушыларын қабылдауға шектеу қойды. Қазақстандық мектептерде орын жетіспеушілігі туралы жоғары деңгейде де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында егер шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай тапшылық миллион орынға жетуі мүмкін екенін атап көрсетті. Және жаңа мектептер салу туралы тапсырма берді. Бұл мәселеге бизнес те қосылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Катерина Попкова, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов