«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің отбасы Францияда тұрып жатыр

«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің отбасы Францияда тұрып жатыр

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жоғары оқу орындары 3 миллионнан аса маманды дайындады. Олардың кейбіреуі халықаралық деңгейдегі ғалымдарға айналды. Францияның Шамбери қаласында осындай зерттеушілердің отбасы тұрып жатыр. Болашақ бағдарламасының түлектері шетелде жинаған тәжірибесін Отанында қолдануды көздеп отыр.

Инженер-зерттеуші Олжас Ыбырайқұлов тілшілермен зертханасынан тыс жерде ғана кездесе алады. Өйткені кешендегі құпиялылық режимін сақтау талабы бойынша бөгде адамдардың кіруіне рұқсат берілмейді. Қазақстандық жоғары оқу орнында мамандығын меңгерген Олжас кейін магистр дәрежесін Жапонияда, ал доктор атағын Францияда алды. Қазақстан Президентінің кадрлік резервіне енген ол қазір Франциядағы Күн энергиясын зерттеу институтында еңбек етеді.

Олжас Ыбырайқұлов Франция күн энергиясы ұлттық институтының инженер-зерттеушісі:

– Менің міндетім – Күн батареяларының тиімділігін арттыру үшін жаңа материалдарды қолданып, оңтайландыру жолдарын анықтау. Сондай-ақ осы батареялардың деградациялануын зерттеймін.

Альпі тауларының бөктерінде орналасқан институтта ғалымдардың еңбек етуіне бар жағдай жасалған. Соған қарамастан Олжас Францияда ұзақ қалмайтынын айтады.

Олжас Ыбырайқұлов Франция күн энергиясы ұлттық институтының инженер-зерттеушісі:

– Бұл дәрежеге Отанымның арқасында жеттім, мұны жасыра алмайсың. Маман ретінде, тұлға ретінде Қазақстанда қалыптасқанымды білемін. Өзімді Францияда уақытша жұмыс істеп жүрген қазақстандық ғалым деп атаймын. Жұмысымыздың бір ерекшелігі де осы – ғылыммен айналысатын жас ғалымдарға тәжірибе қажет.

Олжас пен Әсел – Болашақ бағдарламасының түлектері. Әсел – вирусология докторы. Ол қазір үйде баламен отырып қана қоймай, бос уақытта волонтер болып жұмыс істейді. Дәлірек айтқанда, қазақстандық дәрігерлерге ғылыми мақалаларды аударып, вакциналау бойынша кеңестер береді. Отандық ғылымды насихаттап, ғалымдарға қолдау көрсететін ол ЮНИСЕФ жобасына да қатысуда.

Әсел Мұсабекова, вирусолог:

– Инстаграмда тіркеліп, Фейсбукте жиі жазатын болдым. Сенімді ақпарат көздері, әсіресе, қазақ тілінде жетіспейтінін түсініп, ғылымды насихаттау жұмысымен айналыса бастадым. Вирустар мен вакциналар не екенін қарапайым түсінікті сөздермен түсіндіремін. Осылайша өз мамандығыма өзге тұстан қарадым.

Олжас пен Әселдің шетелде тұрып жатқанына жеті жылдан аса уақыт өтті. Сыртта Альп таулары көрініп тұрғанын ұмытсақ, үйлерінде бәрі қазақи. Мұны домбыра, оюмен безендірілген жастықтар, қазақ тіліндегі кітаптардан анық байқауға болады.

Жас ғалымдардың арманы – шетелде алған білімін Отанында қолдану.

Әсел Мұсабекова, вирусолог:

– Қайтамыз ба, әлде қаламыз ба деген ой миымызға да қонған жоқ. Тек қашан ораламыз деген сұрақ болды. Мәселен Францияда жеті жылдан аса тұрып, ғалым дайындығының – PhD, постдокторантура секілді бірнеше кезеңін өттік. Халыққа пайда әкеле алатын өз орнымызды табуымыз керек.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан