Атырау облысында білім саласына білікті мамандар қажет

Жыл сайын оқушы санының артуына байланысты мұғалімдерге де сұраныс көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде 650-ге жуық маман жетіспей отыр. Соның салдарынан кей оқытушылардың бірнеше білім ордасында жұмыс істеуіне тура келеді.

Әлия Әбутәлиева – тарих пәнінің мұғалімі. 17 жылдық тәжірибесі бар оқытушы екі мектептегі жұмысын қатар алып жүр. Білікті мамандардың жоқтығынан ол күніне 40 сағат бала оқытады.

Әлия Әбуталиева, тарих пәнінің мұғалімі:

– Қазір кадр жетіспейді. Өздеріңіз көргендей, орыс тілі маманы жетіспейді және тарих маманы орыс классқа жетіспейді. Қатты кедергі болмайды біздерге. Үйреншікті. Тек екі жерде жүргеніміз болмаса. Бірақ біздер балаға қарағанда өзіміздің шаршағанымызды ұмытып кетеміз.

Шаһардағы 750 орынға шақталған №24 мектепте қазір 2300-ден астам бала 3 ауысыммен оқиды. Сондықтан білім ордасы білікті мамандарға мұқтаж. Қазірдің өзінде 7 оқытушы өзге оқу ордасынан келіп жұмыс істеп жүр.

Облыста 12 мыңдай педагог бар. Биыл әкім грантымен білім алған 178 жас маман жұмысқа орналасқан. Десе де 650-ге жуық мұғалім тағы керек. Жауаптылардың сөзінше мамандарды жұмысқа тарту мәселесі бойынша арнайы бағдарлама дайындалып жатыр екен.

Айнагүл Дүйсекенова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

– Кадр тапшылығы байқалатын аймақтарға басқа өңірлерден ұстаздарды тартуға байланысты үлкен мемлекеттік тапсырма берілген болатын. Осы тапсырма аясында қазіргі таңда министрлік алгоритмін жасақтап, әр қарай ұйымдастырылатын жұмыстардың жоспарын жасақтап жатыр. Бұл мұғалімдерге арнайы пакет дайындалады, өңірлерге шақыруға байланысты. Әсіресе, тұрғын үй мәселесі, еңбекақы мәселесі.

Қазір өңірде 11 мектепте балалар үш ауысыммен оқып жүр. 10 мыңнан астам балаға орын тапшы. Ал жауаптылар бұл мәселенің көп ұзамай шешілетінін айтады. Десе де жаңа мектептер салынғаннан кейін білікті мамандардың ауадай қажет екені белгілі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин