Ұлттық құраманың қоржыны тағы бірнеше медальмен толықты – А. Аймағамбетов

Ұлттық құраманың қоржыны тағы бірнеше медальмен толықты – А. Аймағамбетов
Оқу ағарту министрлігі

Швейцарияның Цюрих қаласында өткен физикадан халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің намысын 5 оқушы қорғады. Олар 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсті. Балалар өткен жылы 5 күміске ие болған еді. Осылайша биыл оқушыларымыз былтырғы көрсеткішті жақсарта алды.

Айта кетейік, Ұлттық құрама қоржынына Даниил Шатохин алтын және күміс медальді Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс әкелді.

«Сіздер жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің намысын әлемдік аренада абыроймен қорғай білдіңіздер. Бұл жетістіктеріңізге ата-аналарыңыздың қолдауы, ұстаздарыңыздың берген білімі септігін тигізді, сол үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздерге алдағы уақытта да жеңісті күндер тілеймін. Биік белестерді бағындыра беріңіздер», – деп жазды Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында.