Ата-ананың 60% баласына мектепте нені үйрететініне мән бермейді – Зерттеу

Еліміздегі ата-аналдардың 60 проценті баласына мектепте не үйрететініне мән бермейтін болып шықты.

Бұл Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының жүргізген зерттеуі барысында анықталған. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің байланысын арттыру қажет. Елордада өткен Тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов  осылай дейді.

Ведомство басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында оқушының білімімен қатар тәрбиесіне де үлкен мән беретін шаралар қолға алынады. Мысалы, қарапайым ата-аналар жиналысының да форматы өзгереді. Яғни жиналыста бұрынғыдай тек баланың бағасы мен үлгірімі ғана сөз болмайды. Оқушының әр пәнді меңгерудегі проблемасы ата-анамен бірге талқыланады. Мақсат ата-ананы мектепке жақындату дейді министр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мектеп пен ата-ана бірге жұмыс істейтін болса, онда ата-ананың да мектепке деген көзқарасы басқа болады. Тағы бір маңызды мәселе «педагог мәртебесі» дейміз. Бірақ Мұғалімнің мәртебесі оның тек жалақысы мен біліктілігіне байланысты емес. Ол ата-анаға да байланысты. Өйткені үйде отырып, дастархан басында мұғалім туралы айтылған әңгіме баланың ұстазға деген қарым-қатынасын қалыптастыруы мүмкін. Сонда оқушы-мұғалім арасындағы байланыстың жақсы болуы ұстаздың біліміне, кәсібилігіне ғана емес, ата-ананың құрметіне де байланысты. Мұғалімнің жұмысына деген көзқарасы маңызды.