Маңғыстау облысында 300 мұғалімді жұмысқа алу көзделген

Ақтаудағы аралас №7 мектеп-лицейінде 1300-ден астам бала оқиды. Білім ордасында  химия, физика, информатика, математика пәндерінен орыс тілінде сабақ беретін ұстаздар тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан қысқартылған оқу бағдарламасы жасалған. Сондай-ақ бастауыш сыныптарға да мұғалім керек. Әзірге өзге мектептің ұстаздары сабақ беріп жүр.

Гүлден Иманғалиева, Н. Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры:

- Біздің мектепте көп жылдан бері тапшы бастауыш мектеп мұғалімдері болып есептелінеді. Өкінішке орай, конкурсқа берген кезеңде де бастауыш мұғалімдер жоқ болып шықты. Сондықтан біз осыны өзіміздің мұғалімдер арқылы немесе басқа мектептерден тарту арқылы шешеміз. Өйткені, 1-ші сменада сол мектепте өзінің жасайтын болса, 2-ші сменада біздің мектепте жасауға жағдай жасап, проблеманы солай шешпек болып отырмыз.

Кадр мәселесін шешу мақсатында өңірде 300 маманды жұмысқа алу көзделген. Әр мектеп конкурс ұйымдастырып, үздіктерін таңдап алады. Байқау арқылы жұмыс тапқан жас түлектің бірі - 22 жастағы Сәнімай Базарбаева. Оқу ордасын биыл тәмамдаған ол ағылшын тілінен сабақ бермек.

Сәнімай Базарбаева, жас маман:

- Мектепке келместен бұрын ұлттық біліктілік тест тапсырды.  Өткен аптада конкурс өтті, конкурс әділ түрді өтті, ешқандай таныссыз, өзімнің білім нәтижесінже осы мектепке жұмысқа қабылданып жатырмын. Конкурсқа құжат тапсырған  мамандар көп болды, 20-дан астам мұғалімнің арасынан үздік деп танылып, осы мектепке жұмысқа орналасқаныма қуагныштымын.

Сондай-ақ Оқу ағарту министрлігінің бағдарламасына сәйкес, Атырау мен Маңғыстауға өзге өңірлерден педагогтар шақыртылып жатыр. Олар арнайы іріктеу өтеді. Осы уақытқа дейін еліміздің әр түкпірінен Атырау қаласының білім басқармасына 247,  Ақтауға 170 өтініш түскен.

Гүлмира Мамаева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Еліміздегі 20-ға жуық университеттердің түлектерімен сөйлестік, Маңғыстау облысына келу үшін, бейнеролик жарияладық. Конкурс бірнеше сатыдан тұрады, яғни бірінші құжаттар қабылданады, құжаттардың жарамдысы конкурсқа жіберіледі, тест және эссе жазу, Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастырды. Содан кейінгі сатысы ҚР Оқу ағарту министрлігі әңгімелесуден өткізеді. 170 құжат бізге келген, 80-і конкурсқа жіберілді. Сол конкурстан 10-нан аса педагог Маңғыстауға келуге ниет білдіріп отыр.

Байқаудан өткендер үймен қамтылып, 500 мың теңге шамасында жалақы алады.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев