Алматылық 50 мұғалім Финляндия мен Эстонияның ең таңдаулы мектептерінде өндірістік тәжірибеден өтеді

Алматылық 50 мұғалім Финляндия мен Эстонияның ең таңдаулы мектептерінде өндірістік тәжірибеден өтеді

Биыл алматылық 50 мұғалім Финляндия мен Эстонияның ең таңдаулы мектептерінде өндірістік тәжірибеден өтеді. Ал мектепке жұмысқа орналасқан жас мамандардың жүктемесі азайып, білімі мен біліктілігін арттыру үшін арнайы тәлімгер тағайындалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Форумда сөз алған еліміздің оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ұстаз мәртебесі артып келеді. Оған соңғы жылдары білім саласында жүргізілген нәтижелі реформалар мен ұстаздар жалақысының едәуір өскендігі ықпал еткен. «Ал, келесі жылы мұғалімдердің еңбекақысы және 25 пайызға көтеріледі»,-деді министр. Биылғы оқу жылыныдағы басты жаңалықтың бірі – Алматы қаласында бастауыш сынып оқушылары мемлекет есебінен тегін тамақтанады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Ол әрине де балалардың денсаулығына, үлгеріміне оң әсерін тигізетіні сөссіз. Сондықтан басқа да пилоттық жобалар бойынша біз осы Алматы қаласында өткізіп, әрі қарай еліміздің басқа да елді мекендеріне міндетті түрде тарататын боламыз.

Қалада жас мамандарды баспанамен қамтуға арналған «Алматы жастары» бағдарламасы бар. Келесі жылдан бастап осы жоба бойынша 50 жас ұстазға пәтер алуға арнайы квота бөлінетін болды. Сонымен қатар кәсіби-техникалық білім беретін мекемелерде дуальды оқыту жүйесіне басымдық беріліп отыр.

Марат Ғабдуллин, Алматы полиграфиялық колледжінің өндірістік:

– Яғни 40 проценті лекция болса қалған 60 проценті тәжірибе болуы керек. Балалар жұмысқа орналаспас бұрын қай жерде қалай жұмыс істеу керектігін үйрету. Одан кейін тәжірибені екі есе біліп қайту.

Пилоттық жоба ретінде қалада балаларды мектепке апарып, алып қайтатын мектеп автобустарын іске қосу жоспары бар. Жалпы биыл Алматыда 31 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Форумға Сингапур мұғалімдер одағының бас хатшысы Майк Тируман және Хельсинки қаласы білім департаментінің бөлім басшысы Марье Киллонен қатысып өз тәжірибелерімен бөлісті.

А. Садуақас, В. Лобанов