Алматылық оқушылар ботаниканың қыр-сырын үйренді

Алматылық оқушылар ботаниканың қыр-сырын үйренді

Бүгін Алматыда «Жас ғалымдар мектебі» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Осы байқаудың арқасында, балалар табиғатты, өсімдіктерді зерттеп, фито-патология және, энтомология, ғылымын түсіне алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоса зиянкестерді пайдалы жәндіктерден ажыратуды үйренді. Жас ғалымдар жазғы демалыстағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорытындылап, марапат алу үшін Ботаника бағына жиналды. Оқушылар мұнда өсімдіктерге қауіпті зиянкестердің түрімен танысып, оларды жоюдың жолдарын үйренді. 11-сынып оқушысы Марк Шкловский жәндіктер дүниесіне балдырған кезден қызығыпты. Достары секілді футбол, баскетбол ойнамай, көп адам бара бермейтін энтомологияға зер салып, ғылыми кітаптарды оқи бастайды. «Жас ғалымдар мектебі» басталады дегенді ести салып, дереу өтініш береді. 

Марк Шкловский, «Жас ғалымдар мектебі» жобасының қатысушысы

– Мен бала күнімнен энтомологияға, яғни жәндіктерге қызығып өстім. Аулада балалармен ойнаудың орнына топырақты қазып, қызықты дүние іздейтінмін. Тауып алған жәндіктерді өзге балаларға көрсеткен кезде олар маған ұрысатын.

Фитопатология мен энтомологияның негізін оқушыларға Мадина Измайлова бастаған Ботаника бағының ғылыми қызметкерлері үйреткен. Жобаға қатысушылар үш айда өсімдіктерге келетін қауіп пен одан қорғану жолдарын меңгеріпті. Әсіресе тәжірибелік сабақтар оқушылардың қызығушылығын арттырған. Олар осы бақтағы өсімдіктердің ауруы, сарғаюы мен зиянкестерін көзбен көріп, білімін жетілдірді.

Мадина Измайлова, ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері:

– Жобаға қатысқан балалардың табиғатты зерттеуге, оны терең тануға деген қызығушылығы жоғары болды. Сондықтан оларға үйрету, көрсету де оңай. Болашақта осы оқушылардың арасынан нағыз биолог маманды, табиғат жанашырын көрсек деген үміттеміз.

Бұл жобаға 14 пен 17 жас аралығындағы 40 оқушы қатысқан. Ғылыми-зерттеу жобасының нәтижесінде қатысушылар арнайы сертификатпен марапатталып, шеберлік сабағына да қатысты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев