Семейде халықаралық медициналық конгресс басталды

Еліміздегі жоғары оқу орындарына биологиялық қауіпсіздік мамандығын енгізу қажет. Бұл жұқпалы дертке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлердің денсаулығы үшін маңызды қадам. Бүгін Семейде басталған халықаралық медициналық конгресте ғалымдар тарапынан осындай ұсыныс айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркия, Жапония, Үндістан, Белоруссия, Ресей, Қырғызстан мемлекеттері мен отандық университеттердің білікті оқытушылары қатысып жатқан жиында, хирургия, педиатрия, қоғамдық медицина салаларының өзекті мәселелері талқылануда. Екі күнге созылатын шара барысында 170-тен астам баяндама жасалып, бірнеше тақырыпта шеберлік сыныптары өткізіледі деп жоспарланған.

Назарбек Омаров, медицина университетінің проректоры:

– Бүгінгі «Адам және денсаулық» тақырыбындағы медициналық конгресс – бірінші конгресс. Оның мақсаты – тәжірибелік медицина мен ғылымның бүгінгі жетістіктерін көрсету және алмастыру. Әрине карантин бүкіл әлемдік медицинаға өз жаңалығын енгізді. Біз пандемия кезінде сабақты қашықтан өткіздік. Мұндай оқыту медицина саласында ешқашан болмаған.