Қарағанды облысының Қасым ауылында мектеп құрылысы басталды

Қасым ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. Оқушылар әзірге ескі мектепте оқып жатыр.

Осы ескі ғимараттың балалар өміріне қауіпті екенін бұған дейін айтқан едік. Әйтеуір сең қозғалды. Енді заманауи білім ошағы қашан ел игілігіне беріледі екен? 

Қасым ауылындағы орта мектептің қабырғасы жыл өткен сайын сөгіліп барады. Қауіп төнген соң айналдыра темір құрсаумен тартып тастаған. Бірақ ата-аналар баласының  өміріне алаңдаулы. Қазір мұнда 160 оқушы бар, 70-ке жуық мұғалім жандарын шүберекке түйіп еңбек етіп жүр.  

Заңғар Қарсыбек, оқушы:

- Бізге білінбейді. Бірақ басқа кісілер бізге айтты өте қауіпті жағдайда тұрғанын. Басында оны білмеген соң үрей болмаған, естігеннен кейін кішкене қорқа бастадық.  

Мектептің іргетасы 1989 жылы қаланған. Сол әу баста жері дұрыс таңдалмаған, дейді ауыл жұрты. Білім ошағының асты бір кездері шұңқыр болыпты. Кейін оны топырақпен тегістеп, үстіне мектеп салған.

Алтын Құсайынова, №19 орта мектеп директорының орынбасары:

- Мектептің жаңағы жерге төмен түсуіне байланысты ортасынан жарылып, кәдімгідей үлкен қауіпті жағдайда екендігі біліне бастады. Төменнен фундаменттердің құлап жатқандығы білінді. Қазір енді мына жерден бізге жаңа мектеп салынайын деп жатыр.  Қазылып, құрылыс жұмыстары басталды. Біз өте қуаныштымыз. Балаларымыз үшін барлық ауыл қуанып жатыр сол мектепке. 

Мамандар өткен жылы ғана ғимараттың техникалық жағдайына сараптама жасап, апатты деген қорытынды шығарған. Құжатта кешікпей сүрілу қажеттігі де айтылады. Бірақ жаңа мектеп салынып біткенше балаларға осында оқи тұруға тура келеді. 

Арғын Елеусізов, Қарқаралы аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Мектеп ғимаратының 1 миллиард 537 миллион теңгеге құрылысы басталды. 200 орындық мектебімізді келесі жылдың қыркүйегіне дейін тапсыру туралы келісім бар. 2022 жылға 300 миллиондай бөлініп отыр.

Құрылыс компаниясы ақшаның алғашқы бөлігін жыл соңына дейін игереміз деп отыр. Жаңа мектеп салуға ауыл орталығынан 1 гектар жер бөлінген.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар