Алматыда үздік ғалымдар марапатталды
Республика бойынша іріктелген жетекші және жас ғалымдар, сондай-ақ ғылыми қызметкерлер сыйлықтар мен стипендияларға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Төсбелгілер мен сертификаттарды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады. Ғалымдардың зерттеу бағыттары – әртүрлі. Мысалы, профессор Алуа Омарованың медицина туралы мақаласы Web of science scope халықаралық мәліметтер базасы бойынша ең көп сілтеме жасалған үздік он мақала қатарына кірген. Енді бір ғалым Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын зерттеген. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл –отандық ғылымды қолдаудың бір жолы. Ғылыми зерттеулерді қолдау үшін алдағы 3 жылда 650 млрд теңге бөлінеді. Ғалымдардың жалақысы былтыр 2 есеге көтерілген. Ғылым және жоғары білім министрі мәліметінше, ғылымды коммерцияландыруға және қолданбалы ғылымға басымдық беріледі. Тың идеялар мен үздік өнертабыстарды жүзеге асыру үшін 75 млрд теңге қарастырылған.
Алмасбек Әбсадық, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры:
- Бұл ғалымдардың көңіліне үлкен әсер етеді деп есептеймін. Олардың ізденістеріне, олардың құлшыныстарына бұл қолдау ерекше әсер етіп, Қазақстанның ғалымдары қоғамның дамуына, экономикасының өркендеуіне өзінің үлесін қосуына әсер етеді деген ойым бар.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Ғалымдарды бір жағынан құрметтеп, әлпештеп көтеруіміз керек. Бірақ екінші жағынан, сұрауымыз керек. Енді, мінеки, қаржы сұрақтарын шештік, мәртебелеріңізді көтеріп жатырмыз. Енді ғылым Сәтпаев бабамыздың кезіндегідей экономикаға нақты өзінің үлесін көрсету керек.