Абай облысында педагогикалық идеялар фестивалі басталды
Абай облысының мұғалімдері арасында педагогикалық идеялар фестивалі өтіп жатыр. Байқауға аудандық, қалалық кезеңдегі іріктеуден іркілмей өткен 77 білім қызметкері қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бағын сынап жатқандардың ішінде мектеп директоры да, сынып жетекшісі де, пән мұғалімі де бар. Өңірлік инновациялық әдістемелік орталығы мамандарының айтуынша, үздік шыққан 13 мұғалім педагогикалық идеялар фестивалінің республикалық кезеңіне қатысады.
Анар Наурызбаева, Аягөз қалалық көпбейінді мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:
- Балалар тек оқулықты емес, электронды ресурсты пайдалануы керек. 3-4 сынып оқушыларына интернеттен ақпарат табу қиынырақ. Сондықтан мен 3 сынып оқушыларына дүниетанудан электронды анықтамалықты құрастырдым. Бұл уақытты үнемдеуге, сұраққа нақты жауап беруге көмектеседі.
Айнұр Исабаева, облыстық инновациялық әдістемелік орталығы директорының м. а.:
- Бұл фестиваль 5 бағыт бойынша өткізіледі. «Білім берудегі менеджмент» бағытына мектеп директорлары қатысады. Қоғамдық гуманитарлық бағыт, жаратылыстану математика бағыты бар. Психология бағытына психологтар, логопедтар, дефектологтар қатысады.