Павлодар өңірі туралы ертегі жанрында кітап жарық көрді

Ертіс өңірінде жазушылардың, тарихшылар мен кітапханашылардың мұрындық болуымен балаларға арналған кітап жарық көрді.

Туынды ертегі жанрында жазылған. Шығарма Павлодар облысының ежелгі кезеңнен бастап, бүгінгі заманға дейінгі тарихынан сыр шертеді. Авторлар археологиялық, палеонтологиялық мағлұматтарды бала тілімен жеткізуге тырысты.

12 жастағы Нұржанды Жанұзақ осы кітапханаға жиі келеді. Жеткіншекті Павлодар жерінің ежелгі тарихы қызықтырады. Қазірден бастап археология ғылымына қатысты туындыларға бет бұрған.

Нұржанды Жанұзақ, оқушы:

– Біздің облыс, қаламыз туралы тарихты оқығым келеді. Мысалы, сол кітап біздің облысымыз туралы жаңа мәліметтер әкелді. Жазда келіп, мына жердегі кітаптарды оқыдым. Мына жердегі кітаптар көптеген білім берді.

Шығарма авторлары – кітапханашылар, аудармашылар мен суретшілер. Облыстық кітапхана маманы ертегіні жазбас бұрын бір жарым жыл бойы тарихи мәліметтерді жинақтаған. Әр деректің шынайылығын жергілікті тарихшылар тексеріп, растаған.  Ал суретшілер танымдық ертегіні әсем бейнелермен безендірді.

Марал Тәженова, кітап авторы:

- Балаларға арналған ертегі жазу туралы ой келді. Яғни, ғылыми-танымдық, балалар тілімен жазылған туындының болуын қаладық. Ұл-қыздар ертегіні оқу арқылы туған жерлерінің тарихы туралы қызықты мәліметтер алады. Басты мақсатымыз сол болды. Біз «Досик» атты кейіпкердің саяхаты арқылы өңір тарихы туралы айттық.

Кітапта динозаврлар дәуірі мен қимақ қағанаты заманына дейінгі мағлұматтар қамтылды. Басты мақсат – танымдық материалдарды бала тілімен жеткізу.

Айбек Оралхан, аудармашы:

– Күрделі тіркестер, қиын сөздерді қолданбауға тырыстық. Қиындыққа ұшыраған сәттеріміз болды. Археология, палеонтология салаларда қазақша мысалға әртүрлі терминдердің қазақша баламаларын табу немесе белгілі бір оқиғаларды қазақша материалдардан табу қиындыққа түсті. Сондықтан дайын материалмен жұмыс істеуге тура келді.

 «Досиктің дәуірлерге саяхаты» ертегісі әзірге 50 данамен жарық көрді. Бүгінгі таңда қала-аудан кітапханаларына таратылды. Демеушілер табылса, тағы басып шығаруға даярмыз, дейді авторлар. Себебі, оқушылар тарапынан сұраныс жоғары.

Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат