Ақтөбеде болашақ дәрігерлерге арналған орталық ашылды

Ақтөбеде болашақ дәрігерлер үшін жаңа коворкинг орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іргелі медициналық оқу орнындағы орын студенттердің өз білімін жетілдіруге мүмкіндік бермек. Мұнда сирек кездесетін оқулықтардың электрондық нұсқасын, әлемдік деңгейдегі жетекші университеттердің ғылыми әдебиеттері мен бірқатар басылымның зерттеу жұмыстарын көріп, қолдануға болады. Орталықта студенттердің емін-еркін ізденуіне жайлы жағдай жасалған. Кең жолақты интернет желісіне қосылған компьютер, ноутбук бар. 600 мың кітап қорын электрондық жүйе арқылы оқуға болады.

Әсем Тілеумағамбетова, студент:

- Осы кітапхананың бір жақсы жері, өте жақсы жабдықталған. Сонымен қатар бұл жерде отыратын орындар да көп. Сөйлесетін кеңістік те көп. Сондықтан бұл жер кітапханадан гөрі студенттердің бір затты талқылай алатын кеңістік деп санаймын.