Қызылорда облысында 21 «Жайлы мектеп» салынады

2025 жылға дейін Қызылорда облысында 21 «Жайлы мектеп» салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бой көтеретін білім ордалары заманауи технологиямен жабдықталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары оқушы санының көбеюіне байланысты Қармақшы ауданында да мектеп тапшылығы бар. Мамандар бұл мәселені Ұлттық жоба аясында шешуге болады дейді. 

Айбол Алтаев – мектептегі «Роботехника» үйірмесіне қатысушылардың бірі. Ол өткен жылы бірнеше республикалық және облыстық кезеңдерде үздіктер қатарынан көрінген. Биогаз өндірудің тың тәсілін табуға ұмтылған ізденісі де ғылыми жобалар байқауында жоғары бағаланыпты. Білім ұясының жетістіктері мұнымен түгесілмейді.  

Нұржан Төлеков, информатика пәнінің мұғалімі:

- «TECHCAP - Алматы» жарысына бардық. Сол жақтан оқушыларым алғыс хаттармен марапатталып келді. Одан кейін Шымкентте болды. Шымкентте оқушыларым «Робосумодан» 2-орын алып келді. Облыстық Роботехника арқан тартыс бойынша ол жақтан 3-орын алды.

Бұл оқу ошағының іргесі 1961 жылы қаланған. Кейін бала саны көбейіп, тарлық ете бастағасын, қосымша ғимарат салынады. Дегенмен жыл сайын мектеп-лицей 30-40 баламен толығып отыр, - дейді ұстаздар.

Айбол Қозыбақов, мектеп директорының орынбасары:

- Бізде пәндер бойынша кабинеттер жабдықталған. Химия кабинеттері бар, физика кабинеттері бар. Бірақ заманауи талапқа сәйкес жаңа оқу ғимараты болса, қазір технология дамыған сайын, өздеріңіз білесіздер, жаңа форматтағы білім беру, оқыту тәсілдерін қолдануымыз керек болады.

Алдағы уақытта Ұлттық қор есебінен Қармақшы ауданында 2 жаңа мектептің құрлысын бастау жоспарланған. Оның бірі «III- интернационал» ауылынан бой көтеретін болса, екіншісі осы Жосалы кентіндегі нөмірі 105 мектеп-лицейдің орнына салынады, - дейді мамандар. 

Нәзен Баһадүрова, Қармақшы аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- «Жайлы мектеп» жобасына еніп, 600 орынды ғимарат болып қайтадан салынбақшы. Бұрын 420 орынды болған. Бірінші сыныпқа 1 класс келетін бұрын. Одан кейін 2 класс келетін болды. Осы 2 жылдың көлемінде 3 класстан және мектепалды даярлық сыныптарына, жалпы, қазіргі таңда 544 бала оқып жатыр.

Айта кетейік, Қызылорда облысында 2025 жылға дейін 21 «Жайлы мектеп» салынбақ. Биыл 10 мектептің инженерлік жүйемен қамтамасыз етілген жер телімі рәсімделіп, құрылысы басталады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.