Риддердегі «Шаңырақ» мектеп-гимназиясына қатысты мәселе шешілді
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында «Шаңырақ» мектеп гимназиясына қатысты мәселе шешілді.
Білім ордасына жап-сарлас салынған ғимараттың, апатты жағдайда тұрғаны жайлы ақпарат, әлеуметтік желіге тарап, қоғам назарын аударған еді. Енді сол қосымша нысан, толықтай бұзылатын болды. Осы жұмысқа және мектептің спортзалын жөндеуге 60 миллион теңге бөлінді.
Риддердегі «Шаңырақ» көпсалалы мектеп гимназиясы жыл сайын арнайы комиссияның қабылдауынан кедергісіз өтіп жүр. Сондықтан әлі де жарамды деуге негіз бар, - дейді мамандар. Ал оған жапсарлас салынған ескі ғимараттың тозғаны рас. Ол осы көктемгі демалыста толықтай сүріледі.
Инесса Чернышёва, ШҚО Білім басқармасының басшысы:
- Осыған дейін қолымызда ол ғимаратты сүріп тастайтындай тиісті құжат болмады. Енді алдық. Сондықтан көктемгі оқушылар демалысында сүріледі. Негізінен ол бөлік қауіпсіздік үшін бұрыннан жабық тұрды.
Апатты жағдайдағы қосалқы ғимаратты сүруге және "Шаңырақтың" спорт залын жөндеп, еден терезелерін жаңалауға биыл 60 миллион теңге бөлінді.
Азиза Байбосынова, ата-ана:
- Көмектесіп жатыр шамалары жеткенше спортзал салынып жатыр, ескі спорт залды бұзып салып жатыр, енді ақша бөлінді жұмысшылар істеп жатыр. Пластик терезелер салып жатыр, полдарын жөндеп жатыр.
Қазір мектепте 500 бала оқиды. Білім ордасының материалдық техникалық базасы мықты. Пәндік кабинеттер, роботты техника сыныбы бар.
Лаура Абыраимова, «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы:
- Биылғы оқу жылында соның ішінде қалалық 28 орнымыз бар, облыстық 12 орнымыз бар, республикалық 143 орынымыз бар.
Былтыр шағын шаһарда кейінгі жарты ғасырда алғаш рет 600 орындық аралас білім ордасы салынды. Биыл тағы екі мекеменің құрылысы басталады. Оның бірі 300 орындық қазақ мектебі болады.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов