Қазақстандық университет пен Өзбекстандағы институт су мамандарын бірлесіп даярлайды
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Ташкент ирригация институтымен бірлесіп су мамандарын даярлайды. Оқу орындары арасында тиісті келісім жасалды. Енді профессорлық құрам өзара тәжірибе алмасып, студенттерге қос диплом бағдарламасы бойынша білім береді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ташкенттегі ирригация институтының тарихы тереңде. Білім ордасында су мамандарының бірнеше буыны қалыптасқан. Бұрын біздің елде институт филиалы жұмыс істеді. Қазір сол байырғы үрдіс қайта жандануы мүмкін. Қызылордалық профессорлар өзбекстандық әріптестерімен жаңа жобаны қолға алмақ.
Майнұр Бөрібаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры:
- Негізгі мақстамыз – қос диплом бағдарламасын енгізу. Бұл – ғылыми зерттеу институты. Сондықтан біздің университетке Қызылордаға осы жақсы тәжірибелерді әкеліп, сосын біздің ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасау. Бұдан басқа, біз Ташкент экономикалық университетімен кездеспекпіз. Ол жақта да тәжірибе алмасып, келісімшартқа отырамыз.
Жалпы, бауырлас қазақ пен өзбек үшін су шаруашылығы – күрмеуі қиын күрделі сала. Тіршілік нәрінен екі ел де таршылық көреді. Сондықтан гидролог мамандарға сұраныс арта түсті. Ал Ташкент ирригация институтының осы салада тәжірибесі мол. Студенттер оқу орнының базасында суды үнемдеуді, сақтау мен тиімді пайдалану жолдарын үйреніп шығады.
Айбек Арифжанов, Ташкент ирригация инженерлері институтының кафедра меңгерушісі:
- Арал бассейніндегі өзендер үшін ең өзекті мәселелерді зерттеп жатырмыз. Бұл жерде су арналарын шөгінді, қатты минералды заттардан тазарту міндеті тұр. Әмударияда оның мөлшері өте көп. Сырдарияда сәл кем. Өзен арналарын тазарту жолын ұсынып отырмыз. Арнайы қондырғы жасап шығардық. Оны су тораптарына орнатып, ресурстарды тиімді пайдалануға болады.
Жобаның мақсаты – қос диплом бағдарламасын енгізу ғана емес, бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу. Өзбекстандық ғалымдар да осыған ынталы. Мұндай әріптестік ауыл шаруашылығы саласына қажетті жаңа мамандар шоғырын қалыптастыруға сеп. Қорқыт ата университеті сырттағы қандастарды да назардан тыс қалдырған емес. Тарихи Отанда білім алам деушілерді оқытуға даяр.
Авторы: Рауан Мыңбаев.