Елордада медицина студенттерінің білім олимпиадасы өтіп жатыр

Медицина саласының студенттері бақ сынады.

Елордада «Жүзден жүйрік» халықаралық олимпиадасы басталды.  Астана медицина университетінде өткен сайысқа елімізбен қатар Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген 900-ден астам тәлімгер  қатысып жатыр. Мұнда  студенттер 15 секцияда медициналық, теориялық және клиникалық бағыттар бойынша өз біліктіліктерін дәлелдеді. Яғни жедел жәрдем көрсетумен қатар шұғыл операция жасау, науқастың жағдайын бақылау сынды сынақтардан өтті. Ұйымдастырушылар бұл сайыс жастар арасында ғылым мен жоғары білім беруді дәріптей отырып, олардың біліктілігін арттыруға септігін тигізетінін айтады.

Камалжан Надыров, Астана медицина университетінің Басқарма төрағасы:

- Бұл олимпиада медицина саласының студенттерінің өз біліктіліктерін бағалауға мүмкіндік береді. Әр елдің тәлімгерлері бір-бірімен тәжірибе алмасады. Болашақ дәрігерлер мұнда симуляциялық орталықтар арқылы білімін тәжірибе жүзінде көрсетіп жатыр. Сондай-ақ студенттермен қатар мектеп оқушылары да бақ сынайды.