Әскери борышын өтегендер ҰБТ-дан босатылады
Биыл күз айларынан бастап әскерге барған кез келген азамат Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір әртүрлі жоғары оқу орындарынан 3 мыңнан астам тегін орын бөлінді. Оны ұтып алу үшін 15 мың сарбаз арнайы іріктеуден өтеді. Жобаны Қорғаныс министрлігі ұсынды. Ведомство өкілдері университет пен институттар тарапынан қолдаудың барын айтты. Әскерде өзін үздік жауынгер ретінде көрсете білген жас жігіттер ЖОО есебінен тегін оқиды. Отан алдындағы борышын өтеу кезінде жоғары нәтиже көрсете алмағандар ҰБТ-сыз ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік алады.
Бегім Нұрмаханов, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасын бүкіл ел бойынша 70-тен астам ЖОО қолдады. Олармен мерзімді әскери қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде жоғары нәтиже көрсеткен азаматтарға білім алуға 100% жеңілдік беру келісімдерге қол қойылды.
Іріктеу 4 әдіспен жүзеге асырылады. Сарбаздың жауынгерлік даярлық деңгейі, жеке тәртібі, кезекшілік кезіндегі міндеттерін орындау көрсеткіші және психологиялық жай-күйі бағаланады. Артынша әр сарбаздың рейтингі жасалады. Бұл жобаға мемлекет қаржысы кетпейді. Шығынды университеттер өтейді. Бірақ бұл жеңілдік мемлекеттік грант болмағандықтан шәкіртақы берілмейді.