Астанада атақты хирургке арналған естелік тақта ашылды
Астана медицина университеті қабырғасында атақты хирург Гилен Цойға арналған мемориалдық тақта ашылды.
Ол 42 жыл осы жоғары оқу орнында еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген еді. Гилен Цой Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында хирургия және травмотология қызметін құруға ат салысқан жандардың бірі. Бүгінде Қазақстан мен көптеген шетелдік ауруханаларда науқастарды емдеу осы білікті дәрігердің әдістері бойынша жүргізіледі. Биыл Астана қаласының Құрметті азаматы Гилен Цойдың дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Айтулы датаға орай, Германия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей сынды мемлекеттерден денсаулық сақтау саласының мамандары «Хирургия мен медицина білімінің таңдаулы мəселелері» атты халықаралық конференцияға жиналып, даңқты хирургтың еңбектері жайлы сөз қозғады.
Райыс Төлебаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Гилен Васильевичтің Қазақстанға сіңген еңбегі өте зор. Осы Приишимье дейді, соның хирургиясының іргетасын қалаған. Бұл кісінің талай шәкірттері бар.Хирургия саласында көп жаңалықтар ашты. Жалғыз хирургия емес, өте кең, травматология жайында көп көмек жасады. Хирург та болды, травмотолог та болды.