«Bilim ALL» жобасы Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептеріне жетті
Ақтөбе облысында шағын жинақты ауыл мектептерін «Bilim ALL» өңірлік жобасына қосу сәтті іске асып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндағы мақсат – қала мен елді мекендердегі білім ұяларының деңгейін теңестіру.
Межеге жету үшін қазірдің өзінде үздік мұғалімдер шалғайдағы шағын жинақты мектептің оқушыларына онлайн түрде дәріс беріп жатыр. Осыдан балалардың білім сайыстарындағы нәтижелері жоғары бағаға ие.
9-сыныпта оқитын Темірлан Маратханұлы тек осы оқу жылында бірнеше рет пәндік олимпиадаға қатысып жүлде алды. Бұған «Bilim ALL» жобасы аясында онлайн түрде дәріс беретін мұғалімдердің көмегі көп тиген. Тіпті қосымша сабақтар да өте қызықты екенін айтады.
Темірлан Маратханұлы, Талдысай орта мектебінің оқушысы:
- Онлайн сабақтың бізге пайдасы бар. Біз онлайн сабақтың арқасында көптеген білім алдық. Аптасына 5 рет болады: алгебра, физика, химия, биология, ағылшын.
320 балаға арналған бұл Талдысай орта мектебінде 140 оқушы оқып жатыр. Мекеме балалардың білім деңгейін арттыруға бағытталған өңірлік жобаға былтыр қосылған. Ал қазір жоба аясында облыстағы 123 шағын мектептің 10 мың оқушысы білім алып жатыр. Яғни, Ақтөбенің үздік мектептерінің мұғалімдері қашықтан дәріс береді.
Қанат Ешмұханов, Талдысай орта мектебінің мұғалімі:
- Осы жоба әлдеқайда білімнің сапасын жоғары көтерілуіне септігін тигізді деп айтуға болады. Онлайн сабақ беретін мұғалім өзінің әдіс-тәсілдерімен беру арқылы кері байланысқа шығып тұрады. Мұғалім ретінде маған тәжірибе алмасуға көп септігін тигізді.
«Bilim ALL» – облыс әкімдігі іске асырып жатқан тың жобаның бірі. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Енді интернет желісіне қосу мәселесі толық шешілгенде, аймақтағы 204 шағын жинақты мектептің барлығы тың бастамамен қамтылады.
Қансұлу Жұбанова, Талдысай орта мектебінің директоры:
- Виртуалды мұғалім сабақ түсіндіреді. Содан кейін қайта біздің мұғалім кері байланысын жасап, оқушыларға формативті бағалауын қояды. Біздің оқушылар облыстың үздік педагогтарынан жақсы білім алып жатыр.
Бұл жобаны жаңа оқу жылынан бастап ел бойынша тарату жоспары бар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков.