Мектеп оқушылары жыл бойы жасаған жаңа жобаларын таныстырды
Мектеп оқушылары кезекті оқу жылын қорытындылады.
Оқуда озат болған білімді жастардың біразы Алматыдағы Оқушылар сарайының алдына жиналып, жыл бойы жасаған жаңа жобаларын жұртқа таныстырды. Олардың арасында физика мен нейротехнология, робототехника мен өнеркәсіптік дизайн салалары бойынша жасалған дүниелер көпшілік көңілінен шықты.
Ел ертеңіне баланған білімді жастардың жаңашылдыққа ұмтылуы жан семіртеді. Әсіресе заманауи технологияларды жетік меңгеріп қана қоймай, қоғамға пайдалы әртүрлі дүниелерді ойлап табуы қуанарлық жағдай. 6-шы сыныпты тәмамдаған Аружан Лалазова командасымен бірге электронды карта жасапты. Яғни Алматының туристік бағыттары белгіленген бұл картадан кез келген саяхатшы қаланың көрікті жерлерін таба алады.
Аружан Лалазова, 6-шы сынып оқушысы:
- Туристік картаны жасау барысында біз Алматының ішіндегі көптеген керемет жерлерді жинап алдық. Сол жерлерге барып, дрон арқылы оларды түсірдік. Сол түсірген видеоларымызды біз арнайы кодтарды жазу арқылы осы картаға салып, туристік карта жасадық.
Тағы бір керемет жобаны 7-ші сынып оқушысы Артур Бычков таныстырды. Бұл көбіне әлеуметтік желілерді пайдаланушылар үшін жасалған дүние екен. Яғни компьютерге немесе басқа да құрылғыларға орнатып, әртүрлі ойындар ойнауға болады дейді.
Артур Бычков, 7-ші сынып оқушысы:
- Бұл құрылғымен сіз кез келген жерде ойнай аласыз. Яғни байланыс жақсы болса болды телефоннан ғана емес, теледидар немесе планшеттерден де ойнауға болады. Әзірше мұнда тек әртүрлі ойындар ғана. Болашақта басқа да функцияларды қосуды жоспарлап отырмыз.
Барлық жобаларды оқушылар жыл бойы әзірлеген. Байқаудың іріктеу кезеңіне 580 үміткер қатысса, солардың ішінен 120 оқушы ғана финалдық кезеңге шығып отыр. Жалпы Оқушылар сарайының ғылыми-техникалық және шығармашылық зертханаларында бүгінгі күнде 8 мыңнан астам бала қосымша білім алуда. Мектеп бітіргеннен кейін оқушылардың көбі осы зертханаларда іс-тәжірибеден өткен жобалары бойынша өз мамандықтарын таңдайды дейді орталық басшылары.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сұлтан Бейсекенов