Бурабайдағы демалыс орталығы ауысымына төрт мыңнан астам баланы қабылдайды

Биыл ақмолалық 13 мыңға жуық оқушы жазғы лагерьде демалады.

Оның бір жарым мыңына тегін қызмет көрсетіледі. Балғындарды аймақтағы 13 сауықтыру орталығы қабылдайды. Қазір олардың бәрі жұмысын бастады. Демалыс нысандарында тек жергілікті оқушылар ғана емес, басқа қаладан келген балғындар да бар.

Бурабайдағы бұл демалыс орталығы осы маусымда төрт мыңнан астам баланы қабылдайды. Бүгінде алғашқы легі келіп, 350 бала демалып жатыр. Оның ішінде Атырау, Қарағанды, Көкшетау мен елорданың оқушылары бар. 

Әлішер Қажыбаев, оқушы:

- Бұған дейін мен лагерьде болып көрмегем. Лагерь өте жақсы өтіп жатыр. Мында өз шеберлігінді көрсете аласын. Ынтанды көрсетіп, өз хоббиінмен де айналысуға мүмкіндік бар. 

Демалушылардың қатарында жас спортшылар бар. Мәселен, Теміртаудан келген 50 оқушы мұнда дзюдодан оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Олар үшін бөлек бағдарлама қарастырылған. 

Ертай Шалқарбай, оқушы:

- Бұл сборға біз таза ауамен демалып, күш жинау үшін келдік. Мен алда болатын Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын. Балалармен демалып, жаттығу жасап жүрміз. 

Балаларға демалыс кешенінде ойын-сауықтан бөлек ойлау қабілеттерін дамытатын түрлі ойын  өткізіліп, сан алуан саяхат  ұйымдастырылады. Бос уақытын  тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер де ашылған. 

Сергей Урываев, балаларды сауықтыру орталығының директоры:

- Балғындар үшін түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтсақ, робототехника, макраме, арт-студия, және спорттық секциялар да бар. Сондай-ақ, біз туристік аймақта орналасқасын балаларға арқанға өрмелеуді де үйретеміз. 

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл аймақта 1 жарым мың баланы сауықтырумен тегін қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта облыс қазынасынан 85 млн.теңге бөлінді. Ал, қалған жолдамалар ақылы негізде ұсынылады. Айталық, биыл демалыс бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 25 процентке қымбаттаған.

Шоқан Оразалин, облыстық білім басқармасының басшысы:

- 85 мыңнан 105 мыңға дейін путевкалардың құны. Біздегі әр лагердің өздерінің бағалары бар. Соған байланысты. Зеренді мен Бурабайдағы лагерьлерде 105 мыңнан болса, Сандықтау мен Айыртаудағы лагерьлерде 85 мыңның шамасында. 

Аймақтағы 70 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерьге барады. Онда да оқушыларға танымдық шаралар мен ойын-сауық жиындары ұйымдастырылады. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренко