Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесі берілуі мүмкін
Бұл туралы былтыр Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлімдеген еді.
Хабарлама шаһар тұрғындарына үміт сыйлады. Себебі ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары қалада шешімін күткен мәселе баршылық. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы проблема маман тартуға кедергі.
Курчатов – көптеген ғылыми орталық мен институттар шоғарланған еліміздегі жалғыз моноқала. Әрі мұнда отандық ғылымның дамуына серпін берерліктей қажетті база, адами ресурс, тәжірибе және халықаралық деңгейдегі ұйымдармен жалғасып жатқан байланыс бар. Тек жоғары білікті мамандар еңбек ететін және соңғы үлгіде сынақ жүргізуге қауқарлы ұлттық ядролық орталықтың әлеуеті зор. Мұндағы қызметкерлер қалаға ғылым мәртебесін беру – шаһардың тұрақты дамуына түрткі болады деген сенімде.
Владимир Витюк, Ұлттық ядролық орталықтың бас директорының орынбасары:
- Біздің бағыт бойынша аса құнды жетістіктерге қол жеткіздік. Нәтижесі шетелдіктердің де қызығушылығын туғызуда. Ал, қазір біз үшін қаланың өзекті мәселесінің шешілгені маңызды болып тұр. Атап айтқанда, инфрақұрылым, әлеуметтік салаға қолдау қажет. Бұл өз кезегінде, осы жерге ғалымдарды тартып, халықаралық байланысты одан әрі арттыруға септігін тигізер еді. Ғылыми жұмыстарды дамытуға үлес қосады.
Эрлан Батырбеков, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:
- Ұлттық ядролық орталықтың соңғы жылдары сәтті жүргізген ғылыми-техникалық қызметі қала өмірінде басты рөл атқарып қана қоймай, оның дамуына да серпін берер еді. Ғылыммен байланысты мәртебе беру, ерекше жағдай жасау, бюджетіне қосымша қаржы түсіру үлкен өзгерістер әкеледі.
Бұрын Семей сынақ полигонының аумағында болған қала құпаия нысан болатын. Негізінен әскерилер мен зерттеушілер болса, қазір ғалымдар тұрады. Полигон жабылған кезде Курчатов та тоқырауға ұшырады. Алайда құлдырап кеткен жоқ. Қазір де шағын қалаларға тән өзіндік тіршілігі және мәселесі бар. Ал шаһарға жаңа мәртебе берілетіні туралы хабарға тұрғындар зор үмітпен қарап отыр.
БЛИЦ:
- Меніңше, дұрыс ол. Ғалымдар қаласы деп атауға болады. Ондай болса енді кішкене қалаға көңіл бөлінетін шығар. Абай облысы жаңадан құрылып жатыр. Енді сондай бүгінгі ғалымдарды еске алып, қайтадан қаламызды көркейтетін шығар.
- Мына жер оқымыстылардың қаласы болғаны жақсы ғой, ғалымдар. Жастар келеді, бәрі келеді ғой бүкіл Қазақстан бойынша келеді оқымыстылар. Бір жағынан жақсы нәрсе ғой ол.
Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесін беру туралы былтыр Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ел Президентіне ұсыныс айтқан еді. Мемлекет басшысы идеяны қолдады. Бүгін ол тиісті министрліктерде қаралып жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Асем Утешева, Берік Жобалайұлы