Ұлытаулық ұстаз бен оқушылар 2 ай ішінде көлік құрастырды

Ұлытаулық Қазбек Мұқанов оқушыларымен бірге «Багги» деп аталатын көлік құрастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорттық үлгідегі техника сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүреді.

Жол талғамайтын техника – таулы өлкеге келетін туристерге таптырмас құрал. Енді ауыл балалары көлік санын көбейтіп, түрлі мақсатта қолданысқа енгізуді көздейді. 

Шағын көлікті оқушылар 2 айдың ішінде құрастырып шыққан. Шағын болғанымен 8 аттың күші бар. Жанармайды да көп қажет етпейді. Балалардың ойлап тапқан жобасын олармен бірге ұстаз Қазбек Мұқанов жүзеге асырған.

Қазбек Мұқанов, үйірме жетекшісі:

- Бұнда квадрациклдың бөлшектері бар. Мотоциклдікі бар. ВАЗ 09 автокөлігінің бөлшектері бар. Әр түрлі бөлшектерден құрастырылған ғой.  Негізгі «каркасы» «проф.трубалардан» жасалған.

Аудандағы оқушылар үйінде «Бастапқы техникалық модельдеу» деп аталатын үйірме бар. «Баггиді» құрастыру идеясы, оның көлемі, пішіні, тіпті бояуының түсі де осында ойластырылған.

Шерхан Қуаныш, жас өнертапқыш:

- Бұл қиын болған жоқ. Біз бұған дейін кез келген кішкентай бұйымдар жасадық. Көлік, ұшақ, ойыншықтардан бастадық. Енді кішкене дәуірек қылып, туризмге арналған 4 адам отыратын «Багги» шығарсақ па деп отырмыз.

Өнертапқыш ұстаз бен оқушылар мұндай көліктің қарда жүретін түрін де жобалап қойған. Қосалқы бөлшектердің қымбаттығына байланысты оны жасау мүмкін болмай тұр. Әзірге осы «Баггиді» заңдастырып, туристерге қызмет көрсету саласын дамытуға үлес қоссақ дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.