Мемлекеттік балабақшаларда орын жетіспейді
Елдегі мемлекеттік балабақшаларда орын тапшы.
Кезекте тұрған 2 мен 5 жас аралығындағы балалардың қатары күннен күнге толығып жатыр. Бұл ретте жауаптылар мәселенің жақын арада шешілетінін алға тартады. Жыл соңына дейін 81 мың жаңа орын ашу көзделген. Бірақ ол тапшылықты жоя ма?
Астаналық Қалқа Жаматованың екі немересі бар. 2018 жылы Нұра ауданына отбасымен көшіп келген. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша немерелерін үйдің маңындағы жалғыз мемлекеттік балабақшаға орналастырғысы келеді. Бірақ орын жоқ. Кезек те жақындар емес. Ал жекеменшік балабақшалардағы тәрбие ақылы. Оны қалтамыз көтермейді, дейді.
Қалқа Жаматова, қала тұрғыны:
- Біз тұратын ауданда мемлекеттік садик қаралмаған. Балаларды қараймыз, апаратын жер алыс. Бір садик бар осы жақта, бірақ орын жоқ. + Садикке беру керек, дамуы керек балалар, өсуі керек, ой санасы дамуы керек. Сондықтан госсадикте орын болса деп ойлаймын. Балалардың біреуі 5 жасқа, біреуі 2 жасқа келді.
Елде 2020-2021 жылдары 800 мыңнан астам бала дүниеге келген. Қазір 1 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндердің саны 2 миллионнан асады. Ал республика бойынша жұмыс істеп тұрған 11 мыңнан астам балабақша лық толы. Мамандардың айтуынша, орын тапшылығына демографиялық өсімнің артуы ықпал етеді.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
- Осы жыл басындағы жас жыныстық құрамды алып қарайтын болсақ, қазір 1-ден 6 жасқа дейінгі яғни 1-5 аралығындағы адамдар саны 2 миллионнан асып отыр. Яғни бұл жалпы халықтың 10 пайызына сәйкес келіп отыр. Енді сәйкесінше 2 миллион баланы барлығын дерлік балабақшамен қамту мүмкіндігі аздау сияқты. Қиындықтар туындауы мүмкін.
Мектепке дейінгі білім беру департаментінің мамандары да балабақшада орын тапшылығы барын жасырмайды.
Назира Төлбасиева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы:
- Орын тапшылықтары бар. Бұл облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда көбінесе орын тапшылығы көрінеді. Нақтырақ айтсақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына тапшылық Алматы, Қарағанды облыстарында. Бұл жерде 11800-ден астам бала кезекте тұр. Және Астана қаласында 14 мыңнан аса бала кезекте тұр және Алматы қаласында 30 мыңнан аса бала балабақшаға кезекте тұр.
Бүгінде 135 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігі арнайы жоспар бекіткен еді. Оның аясында жыл соңына дейін 81 мың жаңа орын ашу көзделіп отыр.
Назира Төлбасиева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы:
- Осы қадамдық жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін елімізде 300 мыңға жуық жаңа орындар ашу жоспарда бар. Оның ішінде ағымдағы жылдың соңына дейін 81 мың жаңа орын ашу жоспарымызда бар. Және қазір жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2-6 жас аралығында балалардың мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету пайызы 89,1 пайызды құрайды. Жоспар бойынша 2023 жылдың соңына дейін 90,2 пайызға жету жоспарланды.
Жауаптылар мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен жоюды көздеп отыр. Ал бүлдіршіндерді балабақшамен 100 пайыз қамту 2028 жылға қарай жүзеге аспақ.
Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсейітов, Наурызбай Құрманғазы