Түркістан облысының тұрғыны гүл өсіруді үлкен кәсіпке айналдырды
Бүгінгі күннің мақалы «Гүл өсір, пайдасы оның көл-көсір» дегенге сайғандай. Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылының тұрғыны Дильназ Омарова бөлме гүлдерін өсіріп, пайда тауып отыр. Үш баланың анасы алғашында қызығушылықпен бастаған ісін небәрі 3 жылда үлкен кәсіпке айналдырған. «Бастысы шынайы ықылас пен адал ниет болса, кез келген шаруаның көзін тауып, ырзық-несібеңді арттыруға болады», – дейді қарапайым еңбек адамы.
Дильноз Омарова гүл өсіріп, табысқа кенелемін деп мүлде ойламаған. Тек бала-шағаның ырзық несібесі деп бастапты. Алайда адал еңбек пен шынайы құлшыныс адамды міндетті түрде алға жетелейтінін айтады. «Ізгі ниетім үлкен бизнестің бастауына айналды», – дейді қуанышқа кенелген келіншек. Өз жетістігіне марқайғанымен мақтанбайды. «Жеміс ағаш иілгіш келеді» деген ұстанымда. Бүгінде оның жылыжайы хан-патшалардың гүлзар сарайларын еріксіз еске түсіреді.
Дильноз Омарова, жеке кәсіпкер:
- Үй бөлме гүлінен бастадым, кейін қарасам, біздің Түркістан облысында мұндай гүлдерді шығарып жатқан адам жоқ. Сұраныс көбейіп кетті. Алдын ала Түркістанның «Қуаныш» базарында сатып жүрдім. Сол кезде Қызылордадан Шиелі, Кентаудан адамдар келе бастады. Одан соң сұраныс артты.
Алғашқыда 5 соттық жерге бөлме гүлдерін өсірген кәсіп иесі қазір 1,5 гектар жылыжайды іске қосты. Негізінен роза, хризонтема, лотус, пиотония, және шырша, жеміс ағаштарын өсіреді. Өнімін көршілес елдерге экспорттайды. Адал еңбегімен жетістікке жеткен келіншек қазір Қарашық ауылының 40-тан астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Халыкбек Халилов, жұмысшы:
- Менің мұндағы жұмысым – гүлдерді суару, дәрумендер беру. шөбін жұлып, жылыжайдың ішін тазалау. Гүл де адам сияқты күтіп-баптағанды, аялап, еркелеткенді жақсы көреді. Бұның бәрін бізге Дильноз апай үйретті. Жұмысым өзіме ұнайды.
Ал Муаттар Абдурасулова – жылыжай кешеніне жауапты бригадир. Ол гүл өсірудің қыр-сырын Дильноздан үйреніп, қазір өзі де кәнігі бағбанға айналған. «Гүл де бала сияқты тазалықты сүйеді. Аялап, мейіріміңді төкпесең, дұрыс өспейді», – дейді.
Муаттар Абдурасулова, жылыжай кешенінің жауапты бригадирі:
- Гүлді отырғызғанда мұқият қарап отырғызу керек. Отырғызып жатқанда топырақ шашылып кетпеу керек. Шашылып кетсе, ол гүл өліп қалады. Қыстың күні ыстық болуы керек. Суыққа шыдамайды гүлдер. Жылу жүйесі қыстың күні ыстық болады. Жазда ыстыққа да болмайды гүлдер. Шеттерін ашып тастаймыз, арғы жақта жаздық жылыжай бар. Біраз гүлді сол жаққа отырғызғанбыз. Орындарын ауыстырамыз.
Жайқалған гүлдерге сұраныс аз емес. Алыс-жақын қалаларға жеткізу қызметін де жүйелеп қойған. Кәсіпкер өзіне ғана емес, өзгеге де жұмыс ұсынып отыр. Ал табысты болуының сырын қанағатта деп қысқа қайырды.
Дильноз Омарова, жеке кәсіпкер:
- Менде неге клиент көп десем, мен басқалардан арзан сатамын. Ерекшелігі, сапасына байланысты. Мысалы, мына гүлді Голландиядан алғам, бұл менде аналық боп есептеледі. Бұл гүлдер бізге үйренген. Алады ауырып жатыр дейді, мен орнын ауыстырыңыз деймін. Мынау күнді ұнатады, мынау ұнатпайды, суды көп, аз ішеді деп айтып отырамын. Сол үшін менде сұраныс өте көп.
Дильноз Омарова кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен ешқандай көмек алмаған. Барлығына өз еңбегімен жетіпті. Іскер келіншектің ендігі арманы – Түркістан қаласынан ботаникалық гүл бағын ашу. Ол үшін қазір қажетті жер телімін іздестіріп жатқанын айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.