Димаштың тыңдармандары Германияда бас қосты

Германияның Дюссельдорф қаласы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің үлкен бас қосу алаңына айналды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандар, өнерпаздың концертін тамашалап қана қоймай, бір-бірімен жақынырақ танысып, арқа жарқа болды.

Шетелдіктер киіміндегі қазақы ою өрнек, зергерлерінің әшекей бұйымдары, қара домбыра, арасын мұхиттар бөліп жатса да, бала күнгі досын көргендей қуанып, қауышып жатқан жұрт. Бұл қауым кешке басталатын концерттің алдындағы арнайы шараға жиналып, Қазақстан мен қазақ мәдениетін басты тақырып етіп отыр. Себебі Германияның сән әлемінің астанасын өзінің ән әлемінде бүгін Димаш Құдайберген тербейді.

Эстер, Димаштың жанкүйері /Испания/:

- Сәлеметсіз бе! Менің атым Эстер. Біз Испанияданбыз. Біз Қазақстанды және Димашты жақсы көреміз!

Штефани, Димаштың жанкүйері /Германия/:

- Домбыраны Германиядан табу қиын. Алғаш рет Димаштың қолынан дәл осы Дюссельдорфтағы тұңғыш концертінде көргем. Алғашында екі ішек қана болған соң, үйрену оңай шығар деп ойлағам. Сөйтсем күрделі музыкалық аспап екен. Қазір бірнеше күйді орындай аламын.

Михаела, германиялық тыңдарман:

- Мен домбыраны алғаш рет пандемия кезінде Димаштан көріп, аспапқа ғашық болдым. Интернеттен тапсырыс беріп Германияға алдырттым. Фейсбуктан мұғалім тауып, үйрене бастадым. Онлайн сабақтар мен видео платформалар біраз көмектесті.

Димаштың жанкүйерлері үшін концерт алдында осылай бас қосу дәстүрге айналған. Германиядағы шараға Қазақстан елшілігі де үлес қосып, жиналған жұртқа төл мәдениетіміз жайлы тың ақпарат ұсынды. Бұл Dears деген атпен танымал тыңдарман қауымның Қазақстан жайлы білімін одан әрі арттыра түсті.

Джой, Димаштың жанкүйері /АҚШ/:

- Мен Қазақстанды Димаш арқылы тани бастадым. Елдеріңізді сондай жақсы көремін. Димаштың бойындағы қасиеттің әсері болу керек, Қазақстанға біраз уақыт баруды армандап жүрдім. Содан осы жылы Астанаға барып қайттым. Адамдар сондай қонақжай, жылы шырайлы екен. Өте ұнады.

Димаштың жанкүйері /Малайзия/

- Мен Димашты 2020 жылдан бері білемін. Сол арқылы Қазақстан жайлы біле бастадым. Содан 2022 жылы Алматыға саяхаттап барып, концертіне қатыстым. Қаншама елде болып жүрмін ғой, бірақ Қазақстаннан асқан қонақжай елді көрмеппін. Тіпті әуежайдан түсе салғандағы шекаралық тексерістегі мамандар да жылы жүзді кісілер екен. Бай мәдениет, көркем табиғат, Димаштың таланты, бәрі ерекше есте қалды.

Глория, Димаштың жанкүйері /АҚШ/:

- Димаштың арқасында Қазақстан халқының қандай кеңпейіл халық екенін түсіндім. Димаштың адамзатқа деген махаббаты дәл осы халқынан деп түсіндім.

Олар қазақша ән айтады. Қазақстанды ерекше жақсы көреді. Қазақстанға баруды арман етеді. Егде жасқа келсе де тілін сындырып, қазақша сөйлеуге талпынады. Көк байрағымызды ерекше қастерлеп, өз туындай құрметтейді. Бұл Димаш феномені.

Ердана Ержанұлы, Павел Рубан