Жылыой ауданындағы Жем өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр

Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталып кетті, деп хабарлайды 24KZ. Қазірдің өзінде 50 тоннаға жуық жанар-жағармай мен 235 мың тонна инертті материал әзірленген. 250-ге жуық техника мен 3 тікұшақ сақадай сай. Сондай-ақ биылғы көктемде Жылыой ауданының тұрғындарын әбігерге салған Жем өзені мен Құрсай каналының арнасы да тереңдетіліп жатыр.

Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай каналының арнасы бұрын-соңды тазаланбаған. Көктемде келген тасқын су арнасынан асып, аудан тұрғындарын әбігерге салған еді. Енді жергілікті билік олқылықтың орнын толтыру үшін Жем өзені мен Құрсай каналының түбін тереңдетіп жатыр. Мердігер мекеме арнаны 2 метрге дейін қазып, сәуір айына дейін жұмыстарды аяқтауы керек.

Сабыржан Орманов, мердігер мекеме өкілі:

- Қазіргі жеткен деңгейіміз 5 километрден ақырын-ақырын алға қарай істеп жатырмыз. Осы жерде ағыны қатты, Ақтөбеден келеді Мұғалжар тауларынан, мына жерден 48 километрдей теңізге ағады сол судың бәрі. Соны біздің жұмысымыз, мына жерді ашып, ауызын бәрін ашып, кеңейтіп, судың ағыны тезірек өтіп кетсін деп, орысша айтқанда, транзит.

Бүгінде 100-ден аса адам мен 70-ке тарта техника Жем өзенінің 48 шақырымын қазып, Құрсай каналының 46 шақырымын тазалап жатыр. Сондай-ақ жоба аясында су деңгейін бақылауда ұстайтын қондырғы да қалпына келтіріледі.

Ернар Қадырбай, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

- Құрсай өзеніне бөлінетін жерде гидрошлюз, ол ашып-жауып, керекті судың көлемін қалаға жіберіп тұрады, Құрсай каналына. Су толыққанды жеткеннен кейін шлюз жабылатын болады. Сонымен қатар бұл жоспардың аясында бөгет салу жұмыстары бар. Яғни, төтенше жағдайлардың алдын алу, су басудың алдын алу мақсатында қаланы айналдыра бөгет салу жоспарда бар.

Облыстың көктемгі су тасқынына дайындығы қарқынды. Жанар-жағармай қоры әзірленіп, қажетті инертті материалдар дайын тұр. 250-ге тарта техника мен 3 тікұшақ сақадай сай. Көктемде соғылған 600 шақырымға жуық бөгет те нығайтылады.

Бектұрған Масатов, ОЖД және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы су тасқынына байланысты облыс бойынша 590,6 бөгеттер тұрғызылған болатын. Қазіргі уақытта соларды нығайту жұмыстары жоспарланып отыр. Қызылқоға ауданы бойынша Миялы және басқа да округтер бойынша дамбыларды нығайту жұмыстары жүргізілетін болады.

Қазір Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр тұсы да қосымша тереңдетіліп жатыр. Келер көктемді болжау қазір қиын, әрине. Дегенмен былтыр тосыннан келген табиғи апаттан сабақ алған өңір көктемгі су тасқынына дайындықты ерте бастап кетті.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин.