Қордайда алғаш рет инновациялы мектеп ашылды
Қордай ауылында алғаш рет инновациялы мектеп ашылды.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған жекеменшік білім ұясы жаңа оқу жылына сақадай сай.
Талғат Нүсіпбаев атындағы білім ошағы 320 оқушыға арналған. Мектептің физика, химия, биология кабинеттері жаңа зертханалармен жабдықталған. Барлық кабинетте интерактивті тақта бар. Екі қабатты ағарту ошағында мүмкіндігі шектеулі балалар да білім алады. Ол үшін арнайы пандустар орнатылып, мүгедек арбасына кедергі келтірмеу үшін табалдырықсыз есіктер салынды.
Гүлсімхан Нүсіпбаева, мектеп директоры:
- Барлық оқушылар жаңа оқулықтармен қамтылды. Қазіргі заманда айтып жатырмыз ғой, цифрлы оқулықтар деп. Цифрлы оқулықтардың бәрі жаңадан шыққан; цифрлық сауаттылық, басқа да әдеби кітаптардың қоры толықтырылды. Осы балалардың қауіпсіздігі мен ұстаздардың жағдайы ойланған жаңа модификациядағы мектеп деп айтуға болады.
Әр кабинетте балаларға арналған жеке сөрелер бар. Оқушылар үй тапсырмасын қосымша сабақта орындап, оқу құралдарын үйге тасымай қалдырып кетеді. Қауіпсіздікті 43 бейнебақылау камерасы қадағалайды. Мектепте балаларды тасымалдайтын автобус бар.
Бейсен Сатышев, Қордай ауылының тұрғыны:
- Үлкен қалалардағы мектептен қалысады деп айта алмаймын. Өйткені мен Жамбыл облысының бірталай мектептерін көріп жүрмін. Бірақ та мынадай мектепті бірінші рет көруім. Өте керемет. Қордай ауданына бұл керемет абырой деп ойлаймын. Саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелегенге бірден бір баспалдақ деп ойлаймын. Өйткені мынандай мектепте жаман білім алу мүмкін емес.
Жамбыл облысында жыл өткен сайын білім ошақтарының материалдық базасы нығайып келеді. Аймақта екі инновациялық мектеп болса, 275 білім ұясы робототехника кабинетімен жабдықталған. Бір мектепте Stem лабораториясы ашылды. Биыл өңірде "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 12 мектеп салу жоспарланған.
Мерей Бает Бақытжан Бапаев Руслан Ахатіллә