Қауіпсіз мектеп – қауіпсіз білім кепілі
Санаулы күннен кейін оқушылар алтын ұя мектебімен қауышады. Ал білім ордалары балаларды қабылдауға дайын ба?
Әсіресе қауіпсіздік мәселесі ата-аналарды қатты алаңдатып отыр.
Бұл астанадағы нөмірі 95-ші мектеп. Биыл су жаңа білім ордасы 1400 балаға есігін айқара ашады. Мектеп кірсе шыққысыз, сыңғырлап тұр. Сандық технологияның сан түрі бар. Кіреберістегі фейс тексеру құрылғысы соның бірі.
Сәулехан Әлімхан, мұғалім:
- Мұнда фейс ID жүйесіне мектебіміздегі барлық оқушы тіркелген. Адамның бет жүзін танып барып, мектепке кіргізеді. Яғни бөгде адам мектепке кіре алмайды.
Білім ұясындағы жаңашылдық мұнымен бітпейді. Әр адым сайын бейнебақылау камерасы орнатылған. Бір ғана ғимараттың ішінде оның саны – 56, бұған ауладағы тағы 30 камераны қосыңыз. Мұның барлығы балалардың қауіпсіз ортада алаңсыз білім алуы үшін жасалған.
Шынар Әубәкірова, №95 мектеп-лицейінің директоры:
- Фейс ID құрылғысы арқылы оқушының дене температурасын анықтауға болады, егер дене қызуы 38 градустан асса оқушы мектепке кіргізілмейді. Тағы бір тиімді тұсы – баланың биометрикалық мәліметтерін енгізсек, қай күні туған күні екенін де көрсетіп береді.
Баласы үшін алаңдап отыратын ата-аналардың да жағдайы ескерілген. Олар барлық ақпаратты арнайы бот-чат арқылы біледі. Әсіресе, баланың қай уақытта мектепке келіп, қашан кеткенін көру мүмкіндігі бар.
Нұрсұлу Құсайынова, ата-ана:
- Баламды осы мектепке беріп жатырмын. Мұнда не керектің бәрі бар, мектеп толықтай қорғалған. Енді балам үшін еш алаңдамайтын болдым.
Мектеп басшылығы күзет агенттігімен келісімшарт жасасқан. Кейін мәліметтер жедел басқару орталығына жіберіледі. Алайда бұл мүмкіндік әзірге елдегі мектептің бәрін қамтыған жоқ.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Ішкі істер органдары 5620 мекеменің қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуын тексерді. Нәтижесінде 2900 объектіде бұзушылықтар анықталды. Бұл негізінде бейнебақылау камераларның стандарттарға сәйкес келмеуі, дабыл түймелерінің жоқтығы.
Қауіпсіздік құрылғысын орнатуды созбалаңға салуға болмайды. Себебі осы үшін де мектеп басшылығы айыппұл арқалауы мүмкін деп ескертеді мамандар.
Тимур Қазтуғанов, ҚР ОАМ балалар құқығын қорғау комитетінің басқарма басшысы:
- Мемлекеттік сатып алу мәселесінде шикіліктер бар. Сондай-ақ жеткізіп берушілердің жұмысына қатысты да кемшіліктер анықталды. Осы себепті құрылғыларды уақытылы орнатып үлгермей жатыр. Үкімет отырысынан кейін бұл жұмыс ширай түсті. Әкімдіктер қажет жұмыстарды жасап жатыр. Көп ұзамай қауіпсіздік құрпылғылары елдегі мектептерде түгел қосылады.
Ал министрлік 1 қыркүйекке дейін елдегі барлық мектеп қауіпсіздік жүйесімен қамтылады деп сендірді.