Тамыз кеңесі. Білім саласында қандай жақалықтар болады?
Елімізде барлық балабақша енді жаңа мемлекеттік стандартқа және оқытудың үлгілік бағдарламасына көшпек.
Биылдан бастап алғаш рет балабақшадағы бүлдіршіндердің, жекелеген санаттары тегін тамақтанады. Білім беру саласында осындай жағымды жаңалық көп.
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ұстздардың Тамыз кеңесінде айтылды. Жиынға 600-ге жуық педагог офлайн, 12 000-дай ұстаз онлайн қатысты.
Екі күнге жалғасатын шарада ұстаздар, орта және инклюзивті білім беру, балалардың құқығын қорғау және сапалы біліммен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді қаузамақ.
Айта кетейік, биыл ел бойынша 7 мың 700 мектепте, 4 млнға жуық бала білім алады. Оның ішінде 364 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттап, хат таниды.
Қасымхан Сенғазыев, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Ертең пленарлық отырыс өткіземіз. Ол жерде осы "Жайлы мектепті" қалай салу керек, оның іші қалай жабдықталады соны талқылаймыз. Мемлекеттік орган қызметкерлері де қатысады. Шетелдік қонақтармен тәжірибе алмасып, түрлі мәселелер талқылаймыз. Педагогтер мен мектеп директорлары да өз ойларын айтады.