Қарағандылық оқушылар мектеп қабырғасында медициналық білім алады
Қарағандылық оқушылар мектеп қабырғасында жүріп дәрігерлік білім алады.
Шахтинск қаласындағы мектеп-лицейінде тұңғыш рет медициналық сынып ашылды. Оған 7 мен 11 сынып арасындағы оқушылар келіп, медицинаның кіріспесімен танысады. Бұл кейін жоғары оқу орнына түскенде айтарлықтай көмек болады, дейді мамандар.
Аружан биыл 11 сыныптың табалдырығын аттап отыр. Болашақ мамандығын таңдап қойған. Дәрігер боламын дейді. Бір жыл бойы «Мамандыққа қадам» бағдарламасы аясында білімін ұштаған. Енді оны практикалық негізде жаңа сыныпта жалғастырады.
Аружан Қадырова оқушы:
- Қарағанды қаласындағы университеттерге, Шахтиснк қаласындағы больницаларға бардық. Жедел жәрдемдерді көрдік, дәрігерлермен сөйлестік. Олардан кеңес сұрадық осы оқу орындарына қалай түсуге болады, не үшін осы оқу орнын таңдадыңыздар, қиын емеспе соның барлығын бізге айтты.
Сынып жаңа болғанымен «Мамандыққа қадам» жобасы былтырдан бар. Мектеп пен аурухана арасында жасалған келісім нәтижесінде білікті дәрігерлер оқушыларға тәлім үйретеді. Өткен оқу жылында осында 40-қа жуық бала оқыған. Оның он бесі 9 және 11 сынып оқушылары. Олар биыл емтихандарын сәтті тапсырып, оқуға түскен.
Әлия Спатаева Шахтинск қалалық ауруханасының балалар дәрігері:
- 11 бала грантты жеңіп алып қазіргі уақытта үшеуі жоғары медициналық академияға кетті, 8-і колледжге фельдшер факультетіне грантқа түсті. Осы мамандыққа барам деген балалар өте көп. Бұл мектепте білім жағынан өте жоғары.
Жаңа оқу жылында медициналық сынып өңірдің 20-ға жуық инновациялық мектебінде жұмыс істейді. Биыл онда 500-ге тарта бала ерте бастан мамандыққа бағыт бойынша тәлім алады. Қызығушылық танытқандар көп болса, облыста осындай сыныбы бар мектептердің қатары арта түспек.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар