Техникалық мамандарға сұраныс ұсыныстан үш есе артық
Еліміздегі жаңа өндірістік саясатты жүзеге асыру үшін, заман талабына сай маман қажет.
Қазірдің өзінде республикадағы 800 жоғары технологиялық кәсіпорында білікті маман тапшы. Мұны еңбек министрлігі де растап отыр.
Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының еңбек нарығында ұсыныстан сұраныс үш есе көп.
Алдағы 5 жылда елімізде 14 гигаватт жаңа энергетикалық қуаттылық қолданысқа берілуі тиіс.
Бұл туралы Президент өз жолдауында айтта. Сондықтан маман даярлау мәселесі кезек күттірмейді. Статистикаға сүйенсек соңғы үш жылда еліміздің энергетика класстерінде маман саны 18 процентке азайған. Мысалы, апатты жағдайдағы Риддер жылу беру орталығына 100-ге жуық жұмысшы қажет. Шығыс өңіріндегі станцияларға жергілікті политехникалық колледж маман дайындайды. Кәсіпорындармен меморандум отырып, студенттер конвейерлердің жаңа технологиясын зерделеп жүр.
Бекзат Мұратбеков, Политехникалық колледж студенті:
- Бұл станциялар біздегі үлкен өндірістегі үлкен техникаларға ұқсас, соның имитациясы. Мен практикаға барған кезде бағдарламалау, электр схемаларын жинау және сондай техникалық салаларда қолдана аламын.
Заманауи металл балқыту құрылғылары да бағдарламалауды да қажет етеді. Мәселен Өскемендегі мыс зауыты толықтай цифрландырылған. Күрделі қызмет автоматикаға жүктеліпті. Кешенде мыңдаған маман еңбек етеді.
Жоғары оқу орындарын тәмәмдаған жастардың біліктілігін арттыруға зауыт басшылығы жылына 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсайды. Сондықтан өндіріске келуге ниет еткендерден жаңа ІТ-формациясын қалыптастыру мәселесі көтерілген. Алайда бірінші кезекте зерек жандарды табу қажет. Себебі Павлодар мен Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында техникалық мамандарға сұраныс ұсыныстан үш есе артық боп тұр. Сондықтан кеншілер республикалық еңбек биржасын құрып, қажетті кәсіп иелерін өзге өңірлерден табуды ұсынып отыр
Андрей Лазарев, өндіріс орнының өкілі:
- Елімізді толықтай қамтитын ортақ жүйе қалыптастыру маңызды. Бұл Шығыс Қазақстанның жастарымен қатар өзге өңірлердің тұрғындарына да мүмкіндік болар еді. Әсіресе жұмыс орны тапшы аймақтардан мамандар келіп өндірісті дамытуға үлес қосар еді.
Қазір еліміздегі техникалық жоғары оқу орындары болашақты болжай отыра білім беруге тырысады. Энергетиктер мен машина жасаушы мамандар ІТ-технологияларды да игеруі тиіс. Металл жонушылар да оқу ордасында цифрлық білдектерде тәжірибе жинайды.
Жадыра Қоңырбаева, техникалық университет проректоры:
- Біз мамандарды кемінде 3-4 жыл оқытамыз. Бұл уақыт аралығында өндіріс саласында талаптардың өзгеруі әбден мүмкін. Сондықтан оқу ордасының материалдық-техникалық базасын әрдайым жаңартып, білікті инженерлерді даярлауға тырысамыз.
Жастар арасында жақын уақытта инженерлікті таңдағандардың қатары артатыны сөзсіз. Себебі техникалық мамандыққа бөлінген мемлекеттік грант 60 процентке көбейіп, 88 мың орынды қамтып отыр. Маман тапшылығын жоюмен қатар білім беру үрдісіне өндірістің заманауи талаптарын енгізу де қажет.
Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин и Жигер Бабаканов, «Хабар-24», Өскемен.