Ұлытау облысында мұғалім жетіспейді

Ұлытау облысында мұғалім тапшы.

Биыл білім ордалары 155 жас маманмен толыққанымен мәселе шешілген жоқ. Шалғай ауылдарды былай қойғанда, облыс орталығы мектептерінде 125 педагогтың орны бос. Әсіресе жаратылыстану бағытындағы пәндерде мұғалім жетіспейді.

Жазғы демалыста педагог мамандарды жұмысқа тартуда қалалық, облыстық деңгейде бірсыпыра еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мектеп директорларынан бастап білім басқармасының өкіліне дейін ел аралады. Басқа облыстағы жоғары оқу орындары түлектерін Ұлытауға шақырды. Бірақ нәтиже ойдағыдай болмады. Аймақта 409 мұғалім жетіспейді. 

Елжан Асылбеков, білім басқармасының маманы:

- Өңірімізге біраз маманды тарттық. Соның ішінде қазір Ұлытау облысында біз атқарған жұмыстардың нәтижесінде 17 маман қызығушылық танытып, бұл мамандардың басым көпшілігі ауылдық аймақтарға барып отыр. 

Өзге өңірлерден келген педагогтардың таңдауы ауылға түсуі тегін емес. Себебі ол жерге барған маманға қызметтік баспана беріледі. Осындай мәртебеге ие болғандардың бірі Түркістанның тумасы Бақдәулет Жарылқасын. Ол Жезді кентіндегі орта мектепте математикадан сабақ береді. 

Бақдәулет Жарылқасын, математика пәнінің мұғалімі:

- Маған ең басты ауылдық жерде жұмыс жасауға ниеттісің бе деген сұрақ қойылды. Мен өзімнің ниетті екендігімді айтты. Осы орайда Ұлытау облысының білім бөлімінен көптеген көмектер көрсетті. Жұмыс орнымен қамтамасыз етіп қана қөоймай, жатын орны мәселесін де шешіп берді. 

Биыл мұғалімдер тапшылығын жою үшін облыс әкімдігінен ең қажет деген мамандықтарға 90 грант тағайындалды. Бірақ сол тегін оқуға түсетін талапкерлер табылмаған. 

Елжан Асылбеков, білім басқармасының маманы:

- Жезқазған университетіне 90 грант бөлінді. Оның өкінішке орай әзірге 12 ғана түлек осы гранттың иегері болды. 90 грант бөлінсе де келіп түскен өтініштер болған жоқ. 12-сі қазір мемлекеттік грант иегері атанып отыр. 

Қазір тапшы мамандардың жүктемесін басқа ұстаздар өзара бөліп алған. Кейбір мектептерде зейнетке шыққан мұғалімдер де бар. Олардың саны 90-ға жуық. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева