Қазақстандық оқушылар әлемдік робототехника жарысында жеңді
Қазақстандық оқушылар Сингапурда өткен роботехника жарысында жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы 192 мемлекеттің ішінен үздік шықты.
Адамзаттың энергияға тәуелділігі жыл сайын артып келеді. Сондықтан әлем елдері бұл мәселені шешетін инновациялық шешімдерге мұқтаж. FIRST Global Challenge жарысы да осы тақырыпқа арналды. Командаларға энергетика салансына пайдалы шешімдер ұсынып, тұрақты қуат көздерімен қамту міндеті қойылды. Биылғы тақырып: «Сутегі көкжиектері». Соған сай қатысушылар сутекті отын ретінде пайдаланып, имитациялық ойын алаңында сутегі мен оттегі атомдарын сұрыптай алатын роботтар жасады.
Дамели Шаймерденова, Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Біздің робот бірнеше функцияны атқарады. Ол доптарды жинап, оларды тез тасымалдай алады. Сонымен қатар допатарды көлеміне қарай үлкен-кішіге бөліп, жіктейді. Осы әрекеттердің бәрін біздің робот жылдам орындайды. Сондықтан да жобамыз өзгелерден озып шықты.
Бекзат Іңкәров, Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS «технотория» зертханасының меңгерушісі:
- Бұл – балаларды дамыту. Мектеп кезінде басқа жаққа кетіп қалмау үшін дамыту. Инженерия, мехатроника, бағдарламалау, командалық жұмысқа балаларды үйретеміз. Өйткені мектеп кезінен бастап осыларда дами берсе, университет кезінде олар оқып қана емес, олар өздерінің жобаларын, өздерінің механизмдерін жасай бастайды. Шындықты айтсақ, біздің университеттеріміз ондай жабдықталмаған, шетелдік университеттерге қарағанда. Шетел университеттерінде бүкіл зат бар соған.
Бұл – роботехника саласындағы ең үлкен жарыстардың бірі. Ұйымдастырушы компаниямен әлемнің үздік университеттерімен серіктестікте жұмыс істейді. Сондықтан жеңімпаздарының жетекші инжинерлік-технологиялық оқу орындарынына түсуге мүмкіндігі жоғары болады.
Иманәлі Көксал, Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Басқа елдердің роботтарын қарамастан бұрын, біз олар қатты дамып кетті деп ойладық басында. Алайда қарағанда біздің Қазақстан қатты артта қалып жатқан жоқ. Біздің цифровизациямыз қатты дамып жатыр. Мен өзім ІТ саласында маман болғым келеді. Америкада оқығым келеді, бірақ оқуды бітіргеннен кейін сол білімді Қазақстанға әкеліп, осы жердегі ІТ саласын дамыту керек.
FIRST Global Challenge жыл сайын әртүрлі елде өтеді. Былтыр Швейрацияда, ал биылғы ойындар Сингапурде ұйымдастырылды. Роботехника жарысына 12 мен 18 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысады. Биылғы ойындарда 192 команда бақ сынады.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Біздің оқушылар әлемдік деңгейде ел намысын қорғап, үздік шықты. Осылайша, Қазақстан құрамасы 2 жыл қатарынан FIRST Global Challenge жарысының жеңімпазы атанды. Бұл робототехника саласында білікті буын өсіп келе жатқанын тағы бір дәлелдейді. Ал жүлдегерлерге жаһанның үздік университеттерінде тегін оқуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мейрам Жүнісов.