24 қазан – кітапханашы күні
2025 жылы кітапханашылардың еңбекақысы 100 пайызға көтеріледі.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитет төрағасы Қуат Бораш мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде кітапханашы мамандығының әлеуметтік мәртебесі мен еңбегін бағалау әрдайым назарда. Айта кету керек былтыр Үкімет қаулысымен 24-қазан «Кітапханашы күні» болып бекіді. Демек, бұдан былай еңбегі тасада қалып жүрген құрметті мамандық иелерінің абыройы арта түспек.
Кітап баға жетпес қазына десек, бұл құндылықты көзінің қарашығындай қорғап жүрген кітапханашы. Үкімет қаулысымен бекітілген бүгінгі дата кездейсоқ емес. Еліміздегі ең алғашқы кітапхана да осыдан 152 жыл бұрын 24 қазанда Батыс Қазақстан облысында ашылған. Бүгінде Жұбан Молдағалиев атындағы әмбебап ғылыми кітапхана өңірдегі әдістемелік орталыққа айналған. Ал жалпы Қазақстан бойынша ең үлкен кітап ордасы Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана. Онда қазір 7 миллионнан астам қор сақталған. Тіпті соңғы кезде кітап оқу тренді қайта жаңғырып, оқырмандар саны 9,5 миллионға жеткен.
Қуат Бораш, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы:
- Жалпы қолжетімді кітапханалардың кітап қоры 73 миллионнан астам. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық. Осы рухани игілікті пайдаланушылар көлемі, яғни, оқырмандар саны жыл өткен сайын өсіп келе жатқаны қуанышты жайт. Республикалық «Оқитын ұлт» жобасы аясында пайдаланушылар саны жыл сайын 3-4 пайызға артуда.
Сонымен қатар заманға сай электрондық кітапхананы дамыту жұмысы қарқын алды. Болашақта еліміздің барлық кітап ордалары біртұтас ақпараттық жүйеге қосылады. Оқырмандар еліміздің кез-келген кітапханасында «бірыңғай билет» пайдалана алады. Қолдағы смартфон арқылы кез-келген кітапханамен байланыс ортанатуға болатын жобалар тағы бар. Ал, кітапханашылар соңғы жылдары кітапсүйер қауыммен жас мамандардың қатары артқанын айтады.
Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
- Адамзат құндылығының, ұлттық құндылықтың тамырында рухани өзек тұрады, оның негізгі қоры кітап. 30,27 Кітапхана саласындағы жас мамандардың көбеюі қуантады. Жай адам кітапханашы бола салмайды. Ол ең бірінші оқырман. Рухани азық иесі. Жас кітапханашылар оқу грантының 5 пайызға өсуі де кітапханашы мамандығына сұраныс бар деген сөз.
Бүгінде, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Олардың 79% ауылдық жерлерде орналасқан. Кітап ордаларында 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал кітап қоры 328 миллион дана. Соңғы 5 жылда мемлекеттік тапсырыспен 4,5 миллион кітап шығарылған. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық.
Айнұр Қуатқызы