Астанада Орталық Азия елдерінің аймақтық форумы өтті

Климаттың өзгеруі, су тапшылығы Орталық Азия елдерінде өткір тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселенің шешу жолдары бүгін Астанада өткен Орталық Азия елдерінің «Бес ел – бір аймақ – бір дауыс» аймақтық форумында талқыланды. Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдерінің белді экологтары мен халықаралық ұйым өкілдері және шетелдік сарапшылар тығырақтан шығу жолын талқылады. Жаһандық сын-қатерлердің алдын алу үшін ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты арттырамыз деп уағдаласты. Форум қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері климаттық өзгерістерді төмендетуге байланысты мәлімдеме жасады. Құжат Біріккен Ұлттар Ұйымының ауқымды экологиялық конференциясында таныстырылады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Экономикалардың дамуына байланысты ең басты мәселе – метанның шығарылымының көбеюі, осыған байланысты жаңа технологияларды енгізу. Дүниежүзілік осындай форумдарда осындай қатынас жасау арқасында мемлекетке жаңа технология келеді.

Торстен Брецина, Герман Халықаралық ынтымақтастық қоғамының үйлестірушісі:

- Еуропада климаттың өзгеруі аса білінбейді. Бірақ бұл белгілерді біз Орталық Азиядан анық байқап отырмыз. Қазірдің өзінде осы аймақта су тапшылығы туындай бастады. Еуропа елдері бұл мәселелердің тиімді шешілуіне мүдделі және көмектесуге дайын. Осы форумда айтылған мәселер әлемдік қауымдастықтың назарына ұсынылады.