Бурабайдағы жабайы жануарларды қорғаудың тың жолы ұсынылды
Ақмолалық студенттер экологиялық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын ұсынды.
Щучинск қаласындағы орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінің тәрбиеленушілері осы бағытта түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Әсіресе туристік өлкені көгалдандыру, жабайы жануарлардың қауіпсіздігін сақтау және ағаш түлерін көбейтуге басымдық беріп отыр.
Бурабайдағы ұлттық табиғи парк аумағында жануарлардың 300-ге тарта түрі мекендейді. Оның бірқатары қызыл кітапқа еңген. Соңғы уақытта жабайы жануарлардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы көбейген. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Осы ретте колледж студенті Матвей Синкевич тың жобаны қолға алған.
Матвей Синкевич, студент:
- Экодук жобасы - жабайы жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Яғни біз өз жобамызда ұлттық парк аумағында жануарлар жүретін арнайы көпірлер салуды ұсындық. Сондай-ақ камералар орнатып, туристер QR код арқылы ұлттық парктегі жабайы жануарларды көре алуына мүмкіндік жасағымыз келеді.
Ал Бексұлтан Манабаевтың жобасы туристік аймақты көгалдандыруға бағытталған. Яғни мүктәріздес өсімдіктер арқылы қаладағы көп қабатты үйлер мен демалыс орындарының сыртына көрік беруге ниетті.
Бексұлтан Манабаев, студент:
- Бәріміз мүктің пайдалы фитонцидтерді шығаратынын және шаңды жақсы сіңіретінін білеміз. Ол кез келген жерде жақсы өседі. Жалғыз кемшілігі мүк ылғалды жақсы көреді. Қазір біз өсімдіктің бұл түрін гидропоникада өсіруді жоспарлап отырмыз. Содан кейін ғана оны өндірісте қолданғымыз келеді.
Мәдина Мырзабаева, мұғалім:
- Бизнес жобаларды жасаған кезде бірінші кезекте оның шығыны мен кірісі есептеледі. Яғни қаржылық тұрғыда бәрі есеппен жазылады. Сондай-ақ оның қоршаған ортаға тигізер пайдасы да ескеріледі. Әрине бұл тұрғыда студенттердің қызығушылығы зор деп айтуға болады. Себебі олар білімін шыңдап қоймай, қосалқы табыс тауып отыр.
Студенттер өздерінің жобаларын түрлі байқауларда таныстырып, жүлделі орындардан көрінген. Ал олардың бизнес жоспарларына жергілікті кәсіп орындар мен билік өкілдері де қызығушылық танытып отыр.
Шоқан Оразалин, білім басқармасының басшысы:
- Бұл тек қана оқу орны емес лаборатория деп айтсақ болады. Ағаш өсіру жағынан болсын, абаттандыру болсын, жасылдандыру жағынан болсын бұл колледждің осы аймаққа қосып жатқан үлесі зор. Бұл балалар дуалды оқыту бағдарламасы бойынша осы жердегі национальный парк болсын, дендропарк болсын осы оргонизациялармен жұмыс істеп, өңіріміздің өркендеуіне үлкен үлестерін қосып жатыр.
Биыл Шучинск қаласындағы орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінің ашылғанына 125 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында оқу ордасы 20 мыңнан астам маман дайындап шығарды.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный