Қызылордалық диқандар ғылымға ден қойды

Қызылордалық диқандар ғылымға жүгінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіп қылған адамға Сыр бойының берері мол. Тек ұқсата алу керек.

Президенттің Жолдауда өнімділікті арттыру мен терең өңдеу жөнінде тапсырмасы бар. Осы орайда диқаншы қауым мен ғалымдар агросалаға инновация енгізуді жеделдетпек. Сөйтіп, күріштің жаңа сұрпын егіп, суды үнемдеуге көшеді.

Қызылорданың ақ маржаны әрбір қазақстандық отбасының дастарқанынан табылады десек болады. Мамандардың есебінше, өңірде өсірілген күріш көлемін ел тұрғындарына шаққанда жан басына 13 келіден келеді екен. Бірақ су тапшылығы салдарынан құнары көп дақылды күтіп-баптау жыл сайын қиындап барады, - дейді шаруалар. Ғалымдар Сыр салысын егуді азайтып, майлы дақылдар мен мал азығы алқабын көбейтуді ұсынып отыр. Өңірдегі 13 мыңнан астам шаруа қожалығы мен агросеріктестік өкілдері күріштен бірден бас тарту ерекше дайындықты қажет екенін айтады.        

Имамзада Шағыртаев, агроқұрылым басшысы:

- Біз басқа өнімге бағытталып, басқа өнімді алып кетуге дайын болуымыз керек әрбір шаруашылық пен құрылым. Оған, әрине, ғылыми сүйемелдеу, ғылыми қолдау керек. Шаруашылық басшылары соңғы уақытта Ресейдің, Қытайдың тәжірибелерін қалай жасап жатыр деп пайдаланып жүр. Сол тәжірибелерді неге мемлекетке, ауыл шаруашылығына кешенді түрде енгізу керек сияқты.

Өнімділігі жоғары сұрып дайындап, диқанға бағыт-бағдар беретін өңірдегі күріш ғылыми зерттеу институтының бүгінгі халі мүшкіл. 90 жылдық тарихы бар ұйымның зертханалық жабдықтары ескіріп, техникасының тозығы жеткен. Ғалымдардың сұрауымен Ыбырай Жақаев атындағы мекеме облыс әкімдігі меншігіне өтіп, жанынан ауыл шаруашылығы академиясының орталығы ашылады.     

Серікбай Өмірзақов, техника ғылымының докторы:

- Үлкен алқапты 54-60 га жоңышқа тағы басқа егінге беріп, ойдағыдай өнім ала алмай, судың, жердің тиімді пайдаланылуын төмендетіп аламыз. Сондықтан аймақтың биоклиматтық ресурстарын тиімді орналастыру арқылы біз ойдағыдай өнім алып, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз. Соңғы жылдардағы қатты қиыншылықтарға қарамастан институт ғалымдары тіршілігін жасап жатыр. Бірақ ол өте жеткіліксіз. Сондықтан институтқа қолдау өте қажет. 

Ауыл шаруашылығы академиясының ғылыми құрамы егіннен бөлек, зиянкестермен күрес, орман алқабын көбейту, топырақ құнарын арттыру, кооперация, мал ауруларын диагностикалау секілді ғылыми зерттеулер жүргізеді. 

Тілектес Есполов, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының президенті:

- 400 мыңға жуық ірі қара мал, 732 мың қой-ешкі, 216 мың жылқы, 60 мыңға жуық түйе бар екен. Осы салада атқарылатын мәселелер бар. Сонымен біз қатар облыста 2030 жылға дейін жоспар бойынша 16 балық өсіру және 12 тоған шаруашылығын іске қосайын деп жатырмыз. 16 мың тоннаға жуық тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. 

Сонымен қатар академия ғалымдары мал мен балық жемін өндіру желісін іске қосуға көмектеседі. Ол үшін шикізат қоры қажет. Осы мақсатта аймақ диқандары келер жылы мал азығы дақылдар көлемін 101 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.