Алматыда студенттер фестивалі өтіп жатыр
Спорттық турнирлер, би батлдары, патриоттық флешмобтар және тегін ойын-сауық.
Алматыда Халықаралық студенттер күніне арналған фестиваль өтіп жатыр. Апта бойы мегаполисте студенттерге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Оған ел аймақтарындағы 80 оқу орнының жастары қатысып жатыр. Шара аясында жастар игі іске де атсалысты.
Алматылық студенттер фестиваль аясында екі аптадан бері қаланың көрікті жерлерін аралап, түрлі жеңілдік акцияларына ие болды. Жастарға арналған бағдарламалар да әралуан. Танымал актерлердің қатысуымен киберспорт турнирлері мен кино түндері ұйымдастырылды. Сондай-ақ қалада ТМД елдерінің үздік бишілерінің басын қосқан стрит стиліндегі би батлдары кеші өтті.
Сондай-ақ, басқа қалалардан келген студенттер мереке аясында Медеу мұз айдынында коньки тебуге мүмкіндік алды. Жастар қолдарына көк туды ұстап, мұз үстінде сырғанақ теуіп, патриоттық флешмоб көрсетті. Мегаполис қонақтары, мұндай іс-шаралар студенттер бойына құндылықтарды сіңіретінін атап өтті.
Дәурен Шәріпов, Павлодар облысы бойынша студенттік омбудсмен:
- Барлық жастарға сәттілік. Көңіл күй тамаша, Алматыда бірінші рет емеспін, бірақ Медеуде бірінші рет.
Қалада «Өмір сыйла – донор бол» шарасы да өтті. Дәстүрлі шараға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл жолы 200-ден астам студент қан тапсыруға ниет білдірді. Бұл – денсаулығы донорлардың көмегіне тәуелді жандарға игі іс жасауға деген ниеттен ғана емес, медициналық қажеттіліктен де туындап отыр, - дейді әкімдіктегілер.
Әзиз Қажденбек, қалалық жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары:
- Фестивальдің ең басты маңыздылығы – біріншіден, студент жастардың басын біріктіру, екіншіден, жас лидерлерді студенттер арасында көрсетіп, мәртебесін арттыру. Одан басқа ең бастысы өзіміздің суденттердің арасында, жастардың арасында патриоттық сезімді ояту.
Халықаралық студенттер күні әлемде 17 қарашада атап өтіледі. Еліміздегі студенттердің басым көпшілігі Алматыда тұрады. Қаладағы 35 жоғары оқу орнында 200 мыңға жуық жас білім алып жүр.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, «Хабар-24», Алматы.