Ауыл мектебінде білім сапасын арттыру
Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Алмалыбақ мектеп-гимназиясында ауыл балалары арасында білім бәйгесі өтіп жатыр.
Республикалық олимпиадаға мыңнан астам оқушы қатысуда. Гимназияда сапалы білім беру үшін бар жағдай жасалған. Биыл мектеп жанынан 600 балаға арналған қосалқы ғимарат салынып, үш аусыммен оқыту мәселесі жойылды.
Қарасай ауданында информатика-математика пәніне зейін қойған оқушы көп. 11- ші сынып оқушысы Зарина Сахан информатика бойынша алғаш рет олимпиадаға қатысты. Ағылшын тілін үйреніп алған оқу озаты енді IT технология бағдарламаларын меңгеруге кірісті.
Зарина Сахан, оқушы:
- Информатика пәнін болашақ ретінде көремін. Себебі, қазіргі таңда шығып жатқан бүкіл технологиялар барлығы информатикадан басталады. Өзім осы саланың маманы болғым келеді. Сол себепті IT маған өте қажет деп ойлаймын.
Қала мен ауыл мектептерінің білім деңгейін теңестіру, елді мекендердегі білім мекемелерін заманауи оқу-құралдармен жабдықтау мәселесі Президент жолдауында жүктелген міндеттің бірі. Осы орайда Алмалыбақ ауылындағы гимназияда «Ментор скул», «Мектеп парламенті» сынды инновациялық жобалар тәжірибеде қолданылуда. Ғылыми дәрежесі бар психологтар жоғары сыныптың 20 оқушысына дәріс берген. Оқу курсынан өткендер қатарластары арасындағы кикілжіңдерді реттеуге атсалысады. Татуластыру қызметі нәтижесінде кибербулинг азайған.
Айжан Жарылқасын, педагог- психолог:
- Ата анасы кешке дейін жұмыста. Оқушы үйге келгеннен кейін тіршілігіне, көпбалалы отбасыларда көбінесе солай болады. Кішкентай іні қарындастарына көп көңіл бөледі. Және де осыған байланысты өзінің оқуына, достарына көңіл бөле алмай қалады. Соған оқушылар бізге келіп шағымданады» «Көңіл бөлу керек әр оқушыға. Ең басты мақсат біздің медиациямыздың - оқушыларға жайлы орта қалыптастыру. Олар өздерін мектепте жайлы сезінуі керек.
Жанат Бегалиев, Қарасай аудандық білім бөлімінің маманы:
- Жобалар фестивалі деп айтамыз.Ол жерде балаларымыз өздерінің жетістіктерін, шығармаларын, шығарған, ойлап тапқан жұмыстарын көрсетіп жатыр» скл «Республикалық олимпиада болды. Бізде 22 баланың 21 і жүлдемен оралды.
Гимназия 2018 жылдан бері үш ауысымда жұмыс істеген. Оқушы көп, сынып аз болды. Жапсарлас ғимараттың құрылысы бітіп, 3000 оқушы екі ауысыммен оқып жүр.
Оксана Қырғызбаева, ауыл тұрғыны:
- Оқушыларға өте ыңғайлы болды. Бұған дейін тар кабинеттерде сабақ оқитын. Үш ауысымды болған кезінде баламызда түсте әкеліп, кешке бірақ алып кетуші едік. Қазір қиналмаймыз. Мектебіміз кеңейді, бәрі сыйады.
Алмалыбақтағы мектеп тапшылығы мәселесі шешілгенімен ол Қаскелең қаласы, Жібек Жолы мен Іргелі ауылдық аймақтары үшін әлі де өзект. Жаңа оқу жылында Қаскелеңде 1500 балаға арналған мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауданда тағы екі мектеп ашылады.
Жасұлан Естенов, аудан әкімі:
- Бұл мәселені шешу үшін біз мына «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында он мектепті жоспарлап отырмыз. Сегіз мектептің құрылысы қазір басталды. Осы мектептерді 2024-25 жылдары толық аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл білім ордалары Долан, Кемертоған және Елтай ауылдық округтерінде салынады. Биыл Алматы облысында 9 мектеп ашылды. Алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында және 54 мектеп салу көзделіп отыр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аманжол Жөнкешов