Атырауда ауыл балаларына арналған олимпиада басталды
Атырауда ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы басталды.
Білім додасына облыстағы 110 мектептен 3 мыңнан аса оқушы қатысып жатыр. Олар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша біліктілігін шыңдайды. Зияткерлік олимпиаданың басты ерекшілігі -оған тек ауыл мектебінің балалары ғана қатысады.
Қала іргесінде орналасқан ауылдық мектептің 30 оқушысы бүгін зияткерлік олимпиадаға қатысып жатыр. Пәндік олимпиада онлайн-факторинг жүйесіне негізделген. Яғни, сынақ тапсырушы «бір камера-бір оқушы бір терезе» қағидасы бойынша берілген тапсырманы өзі ғана орындайды. Тестілеу аяқталғаннан кейін балалардың жалпы ұпайы есептеледі.
Мәдина Сембай, оқушы:
- Егер де осы ауыл олимпиадасының жеңімпазы болып, республикалық деңгейге өтсем, Астанаға қаласына жолдама беріліп, баруға үлкен мүмкіндік болады. Менің таңдаған мамандығым құқық тану болғандықтан бүгін мен құқық пәні бойынша олимпиаданы өз біліммен жақсы тапсырдым деп ойлаймын.
Қатысушылар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы 15 пән бойынша білімін сарапқа салады.
Руслан Сарбалин, облыстық таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры:
- Жоғары ұпай жинаған оқушылар жалпы білім беретін пәндердің 9-10-11 сыныптарға арналған пәндік олимпиадаларға жолдама алады. Республикалық кезеңнен жүлделі орын алған оқушылар республиканың кез-келген жоғарғы оқу орындарына грантқа түсуге мүмкіндік алады.
Былтырдан бастап Атырауда "Таланттарды анықтау және қолдау» орталығы жанынан дарынды оқушыларды іріктеуге бағытталған «Қабілет» жобасы іске қосылды. Жоба аясында 50-ге тарта ауыл баласы еліміздің дарынды оқушыларға арналған мектептерде білімін толықтыруда. Зияткерлік олимпиадасы да ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин