Ғалым бактерияға ген енгізу арқылы жанармайдың жаңа түрін алып жатыр

Қазақстандық ғалым болашақтың биоотынын жасап жатыр.

Сәкен Шерханов басқаратын АҚШ-тағы ғылыми-зерттеу орталығы жанар-жағармайдың жаңа түрін өндірудің тың жолын сынақтан өткізуге кіріскен. Ақуыздан айырып  алынатын биоотынның ерекшелігі қандай?

Сәкен Шерханов АҚШ-та ширек ғасырдан бері тұрады. Ол мұндағы ғылыми ортаға танымал тұлға. Биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінде үлкен зертханаға жетекшілік етеді. Қазір бірнеше маңызды зерттеу жүргізіп жатыр. Мұнда бір жобаға 25 адам тартылған. Соның бірі бактериядан энергия өндіру. Яғни бактерияға бірнеше ген енгізіп, өзгеріске ұшырату арқылы ақуыз айырып, оны жанармайға айналдырады. Ал екінші жобада мүлдем жаңа тәсіл зерттелуде. 

Сәкен Шерханов, Биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы (Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінің зертхана жетекшісі):

«Қазіргі жобамыз белоктарды бактериядан шығартып бар реакцияны ректорда істейміз. Организмді қолданбаймыз, белокты аламыз, салатын қантын саламыз да соның артынан биотопливо шығартамыз.  Былай айтсам біздің жетке жетістікке әлі ешкім жеткен жоқ. соның арқасында ел болсын, инвесторлар болсын ақша беріп жатыр. Қазір үш төрт миллион доллар беріп жатыр, соны индустриалды өндіріс деңгейіне әкелуге».

Жанармай өндірудің жаңаша тәсілін дамытуға АҚШ үкіметі аса қызығушылық танытып отыр. Сондықтан грантты елдің энергетика департаменті берген. Зерттеу жұмысын 2016 жылы бастаған ғалымдар қазір едәуір нәтижелерге қол жеткізген. Бастапқыда бір литр сұйықтықтан 13 грамм биоотын алынса, қазір 270 грамм айырады. Келешекте тіпті бұл көрсеткішті үш есе арттыру жоспарда. 

Сәкен Шерханов, Биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы (Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінің зертхана жетекшісі):

«Біздің істеген платформа қазіргі биоэтанолға қарағанда күш қуаты үш төрт есе көп, оны жасау өте арзан. Биохимиялық процесстер бес алты күнге жетеді. Көбіне биоэтанол шығартатын процестер үш төрт күнде тоқтайды, біздікі қазір биоэтанолоға қарағанда бес он есе жақсы болып тұр». 

Сәкен Шерхановтың айтуынша, жаңа платформаны жанармай мәселесін шешу үшін ғана емес, көптеген салада оның ішінде биотехнология, фармацевтикада да қолдануға болады. Мәселен, көп дәріні шығару үшін арнайы өсімдік жинап әуреге түспейсіз. Ғалым кірескен тағы бір жоба ауадағы көмір қышқыл газынан жанармай өндіру. Бұл тың саланы Сәкен енді қолға ала бастады. 

Айжан Сыдықова