Қызылорда облысында 170 мектепте инклюзивті қолдау кабинеті ашылды
Қызылорда облысында арнайы «Жол картасы» жасалып, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 170 мектепте инклюзивтік қолдау көрсету кабинеті ашылды.
Логопед, дефектолог және педагогтың көмекшілері оқушыларға пәндік сабақты оқытып қана қоймай, оларды әлеуметтік ортаға бейімдейді.
Биыл мектеп табалдырығын аттаған Аружанның бойында аутизм белгісі 5 жыл бұрын байқалған. Жеті жастағы оқушыны педагогтың көмекшісі мектеп есігінің алдында күтіп алады. Содан соң сынып бөлмесі, асхана мен кітапханада Аружан арнайы маманның қадағалауында болады.
Роза Зейнебекқызы, Аружанның анасы:
- Бұрын бізге Аружанмен қиынырақ болатын. Осы 9-мектепке келгелі қоршаған ортамен араласып, қатар қыздармен ойнап, дене шынықтыру сабағына қатысады. Ән сабағы болады. Үйге айтып келеді әліппе оқыдық деп. Жақсы қуанып барып, қуанып келеді қызымыз.
Қызылордадағы №9 мектеп-гимназияда ерекше білім алуды қажет ететін елу шақты бала оқиды. Оның 18-і арнайы жабдықталған инклюзивті кабинетке күнделікті келеді.
Батырбек Әбиев, № 9 мектеп-гимназияның директоры:
- Аутист балаларды сабақ пен ортаға бейімдеу бағыты 2022-23 оқу жылында 4 оқушымен басталды. Бүгінгі таңда ПМПК қорытындысына сәйкес осы оқу жылында 9 оқушы білім алып жатқан жайымыз бар. Жалпы осындай оқушылардың көбеюі салдарынан ұжыммен ақылдасып отырып, балаларға қандай жағдай жасаймыз? Мектепке құштарлығын қалай оятамыз? Қалай ортаға бейімдейміз деген сұраққа 2023-24 оқу жылының қорытындысы бойынша үнемделген қаржы есебінен кабинет арнады.
Сәлима Шәймерденова, №1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация басшысы:
- Зерде бұзылысы және көру қабілеті бұзылысы бар балаларға арнайы оқулықтармен қамтамасыз ету ұсынылады. Көру қабілеті бұзылысы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылысы бар балаларға кедергісіз ортада өмір сүруін және оқу орнын бейімдеу ұсынылады. Сонымен қатар айта кететініміз мүлдем көрмейтін балалар мен қоларбада отырған балаларға міндетті түрде жеке көмекші тағайындалып жатыр.
Өңірдегі 295 мектептің 170-інде ерекше балаларды қолдау бөлмесі жұмыс істеп тұр. Келер жылы тағы 14 кабинет ашылады.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Ерекше балалармен жұмыс сітеуді кез-келген педагог меңгеру керек. Сонымен қатар бізде қолдауды қажет ететін 1132 бала тұр қосымша. 2024 жылға 300 баланың мәселесі шешілсе, қалған 800 бала мәселесін біз 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс орналастыру арқылы шешеміз деген жоспар бар.
Қазіргі таңда облыстағы мүмкіндігі шектеулі 7 мыңдай баланың 2200-і орта мектептерге барып жүр. Мыңнан астамы үйде білім алса, 300-дей оқушы арнаулы интернатта жатып оқиды. Мың жарымдай бүлдіршін балабақшаға барады. Өкінішке қарай, шалғайда тұратын балалардың көбі инклюзивті білім беру жүйесінен тыс қалып отыр.
Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев