Ақтөбе облысында 5 мұғалім «Үздік педагог» байқауында жеңді
Ақтөбе облысында 5 мұғалім республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанды.
Ел бойынша 960-тан астам өтініш түскен сайыста топ жарғандар мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алды.
Бибігүл Жамекова «үздік педагог» байқауында топ жарды. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асса, соның 30 жылында қазақ тілі және әдебиеті пәні мен бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауға үлес қосып келеді. 10-ға жуық әдістемелік құрал мен бірнеше авторлық бағдарлама жазған ұлағатты ұстаз колледж студенттеріне шағын жинақты мектепте білім берудің ерекшеліктерін үйретеді.
Бибігүл Жамекова, арнайы пәндер оқытушысы:
- Үздік педагог болу тек қана оқытушының бір басындағы жетістіктермен ғана бағаланған жоқ. Өзімнің болашақ мамандарға жол көрсету мақсатында «Үміт» балалар үйіне, сонымен қатар Ораза айында әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларына көмек беру мақсатында да біршама жұмыстар атқарып жүрмін. Бұның барлығы байқау барысында өзіндік бағасын алды деп айта аламын.
Еліміздің үздік ұстаздарын анықтауға арналған байқау бірнеше айға созылды. Тек Ақтөбе облысы бойынша сайысқа қатысу үшін 26 үміткер тілек білдірген. Нәтиждесінде республикалық кезеңінде тек 5 мұғалім жеңімпаз атанды. Соның үшеуі – осы жоғары гуманитарлық колледжінің қызметкерлері.
Гүлсім Наменова, арнайы пәндер оқытушысы:
- Педагог саласына қойылатын талап өте жоғары. Сондықтан да қазір заманның үрдістері мен талаптарына сай болуымыз қажет. Ол үшін үнемі ізденіп, талмай, алға қарай жылжуымыз қажет.
Аружан Жанова, студент:
- Осы ұстаздарымыздың жолын қусам деймін. Әрі практикалық жөнінде және теориялық білемдері өте керемет. Біздің білімімізді және де осы методикамызды дамыту үшін әрқашанда күнделікті осы жұмыстарын жасап жатыр.
«Үздік педагог» байқауы 10 жылдан бері ұйымдастырылады. Осы уақыт аралығында ел бойынша білім саласының 624 маманы жеңімпаз атанған. Ал Ақтөбе облысында ұстаздарды ынталандыруға арналған 2 байқау тұрақты өтіп тұрады.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыста қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепте, колледждерде 25 мыңнан астам педагог бар. Сапалық құрамына тоқталатын болсақ, олардың 71%-інің соңғы алынған біліктілік талаптарына сәйкес. Яғни, бұл Ақтөбе облысының педагогтерінің потенциалының жоғары екендігін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, оқушыларға сапалы білім беретін мұғалімдерді қолдау маңызды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.