Ақтөбе облысында алдағы жылы 44 мектеп салынады
Ақтөбе облысында алдағы екі жыл ішінде апатты және үш ауысымды мектептер мен білім ұяларында орын тапшылығы мәселесін жою көзделіп отыр.
Бұл үшін өңірде 44 жаңа нысан салынбақ. Оның жартысына жуығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №66 орта мектеп 6 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген еді. Алайда қазір қаладағы оқушысы көп білім ұяларының қатарында. Екі ауысым бойынша 1 200 бала оқуы тиіс мектепке, бүгінде қосымша 400 оқушы келіп жүр. Орын тапшылығына байланысты кейбір пәндердің зертханалары оқу бөлмесіне айналған.
Задагүл Қалыбаева, мектеп директоры:
- Біздің осы маңызды мәселеміз шешіледі деген ойдамын. "Бауырластар-3" елді мекенінде қазіргі таңда мектеп бой көтеруде. Әрине, бұл мектеп біз үшін өте жақсы жаңалық. Ол мектеп іске қосылған жағдайда №66 мектепте білім алып жатқан Бауырластар-3 елді мекенінің балалары толықтай сол жаққа ауысады деген ойдамыз.
Үш қабатты ғимарат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. 600 орындық нысан құрылысын келер оқу жылына дейін аяқтау көзделген.
Самат Жакешев, учаске жетекшісі:
- Құрылыс жұмыстары қазанда басталды. Қазір іргетасын көтеріп болдық. Енді әрі қарай кірпіш қалаймыз. Бүгінде мұнда 20 тас қалаушы, 10 техника, жүк көліктері жұмылдырылған. Қажетті материалдар жеткілікті.
Білім ошақтарындағы орын тапшылығы өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі. Бұдан бөлек, 5 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар. Бұл проблеманы жою үшін нақты жоспар бекітілген.
Ләззат Ордабаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- 2025 жылға дейін жаңа 44 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда "жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 18 мектеп жоспарланған. Оның ішінде, биылғы жылы 14 мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар, облыстық бюджеттің есебінен 22 мектептің құрылысы жүргізілуде қазіргі таңда.
Мектептер ұлттық қор және облыстық бюджет есебінен салынады. Әрқайсысының құрылысын мерзімінде аяқтауды қатаң бақылауда ұстаймыз дейді сала мамандары.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков, «24.KZ», Ақтөбе.