Қазақ ғалымы әлемді бағындырып жатыр
Отандық ғылымдағы биылғы басты жаңалықтың бірі – оралдық Сәрсенбек Монтаевтың әлемдегі ең беделді ғалымдардың қатарына енуі, деп хабарлайды 24KZ.
Рейтингті түзген АҚШ-тағы Стэнфорд университеті сарапшыларының пайымдауынша, шетелде Сәрсенбекке сілтеме жасайтындардың қарасы қалың көрінеді. Жаңадан құрылыс материалдарын ойлап тапқан оралдық оқымысты туралы осы өңірдегі әріптесім Ерденбек Жылқайдарұлы әңгімелейді.
Сәрсенбектің соны ізденісінің бірі – құрылысқа қажетті қиыршықтасты қолдан жасау. Ол үшін кремнийлі жынысты «опоканы» арнайы пеште күйдіреді. Жасанды «щебеннің» сапасы табиғи тастан бір кем емес. Бағасы арзан, салмағы жеңіл.
Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы:
- Жасанды қиыршықтас алу технологиясы жасалды, коммерциализациядан өтті. Университетте, осы орталықта кішкентай цех бар. Өндіріске енгізіп жатқан себебі, қазір Батыс Қазақстан облысы қиыршықтас Ақтөбе облысынан тасылады. Мұғалжар кен орнынан. 600 шақырым тасу. Сондықтан оның бағасы өте қымбат.
Малдың мүйізі мен тұяғындағы фибриллярлы ақуызды арнайы химиялық реакторда өңдеп, бір келі мүйізден бірнеше текше метр бетонға жететін көбіктендіргіш алуға болады. Оралдық ғалым сондай-ақ жылыжайларда гидропоника әдісімен көкөніс өсіруге керекті базальт талшықтарының орнына қойдың жүнін қолдануды ұсыныпты. Ал әйнек өндірісіндегі қалдықтарды қайта өңдеп, көбікті әйнек шығару ісі жергілікті ірі компаниялардың бірінен қолдау тапқан. Дәл қазір тың технология сынақтан сәтті өтіп жатыр.
Әлібек Сапақов, әйнек өңдеуші компанияның техникалық директоры:
- Әйнек сынықтары мен тозаңдарын біз бұрын тонналап Ресейге жіберетінбіз. Себебі елімізде ол қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын жоқ. Оны утилизациялау ісі экологиялық тұрғыдан үлкен проблема еді. Қазір қалдықты Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетіне жіберіп жатырмыз.
Монтмориллонит пен диатомитті, саз бен борды мал азығына пайдалану, жусаннан биологиялық белсенді қоспа жасау, суды сүзуге арналған композициялық сорбент жасау, саздан тұзға, қышқылға, химиялық әсерге төзімді керамикалық өрнектас өндіру. Осы және өзге де ғылыми жаңалықтардың экономикаға қосар үлесі қомақты.
Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы:
- Университетте Жәңгір хан атындағы индустриалды технология институты бар. Сол институтта оқу-ғылыми өндірістік орталық бар. Сол орталықта қазір 10-нан аса ғылыми жобалар жүзеге асып жатыр. Біз жасап жатқан жобамыздың мемлекеттік басым бағыттары бар. Табиғи ресурстарды, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде.
Биыл Монтаев әлемдегі ең беделді ғалымдар қатарына енді. Оған себеп – «Скопус» журналына жарияланған Сәрсенбектің еңбегіне сілтеме жасайтындардың күн санап көбеюі. Енді өнертапқыш осы тың технологияларды өндіріске енгізуде жоғарыдан жәрдем күтеді.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.