Ақтөбе облысындағы ауылда білім сапасын арттыратын жоба жүзеге асып жатыр

Ауыл мектебіндегі білім сапасын арттырып, маман тапшылығын жою үшін Ақтөбе облысында жаңа жоба жүзеге асып жатыр.

Өңірдегі үздік 12 білім ордасының ұстаздары шалғайдағы елді мекен балаларына онлайн-дәріс береді. Бұл мақсатта 3 млрд теңге жұмсалып, оқу ғимараттарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Жадыра Ерболатова 20 жылдан бері бала оқытатын сарапшы-педагог. Қобда қазақ мектебінде геометрия және алгебра пәндерінен сабақ береді. Биылғы оқу жылынан бастап тағы үш ауылдың балалары қосылған. Білім ордасы «Шағын жинақты ауыл мектептерінің цифрлы әлеуетін дамыту» бағдарламасына қатысып жатыр. Жоба бойынша тірек мектепке қосымша 3 оқу орны бекітілген.

Жадыра Ерболатова, Тірек мектебінің мұғалімі:

- Тақырыптық жоспарды мұғалімдермен бірлесіп құрамыз. Сабақ жоспарын бірлесіп жоспарлаймыз. Алғашқы 5 минутын ассистент мұғалімдер өздері үй тапсырмасын тексеріп, оқушылардың психологиялық әл-ауқатын қалыптастырады. Әрі қарай тірек мектебінің мұғалімі жаңа тақырыпты түсіндіреміз.

Тың жоба былтырдан бері қолға алынған. Балалардың әлеуетін дамытып, сапалы білім беру үшін мектеп қажетті құрал-жабдықтармен қамтамассыз етілді. Онлайн-дәріс беруге арналған жаңа технологиялармен бірге түрлі зертхана және АРТ, теле-студия, робототехника кабинеттерін ашуға 250 млн теңге қаржы жұмсалған. Ұстаздар оқу ордасының заман талабына сай жабдықталуы нәтижесінде оқушылардың білім алуға құштарлығының артқанын айтады.

Сәния Сырымова, Қобда қазақ орта мектебінің директоры:

- Әр мектеп жарты жылдық бойынша өздерінің білім сапасының мониторингін қорытындылайды. Сол мониторинг бойынга +5, +6, +9 деген динамикасы пайда болды. Бақылау жұмыстарының нәтижелері өте жақсы болып шықты. Яғни оқушылардың білімдері нығайып, терең болды деген пікір алудамыз.

Тірек білім орда ретінде облыстағы 12 мектеп таңдалып алынған. Әрқайсысына шағын жинақты 3 магнит-мектебі бекітілді. Нәтижесінде өңірдегі 36 оқу орнында математика, физика, химия және биология мен ағылшын тілдері бір әдістеме аясында өтеді. Ол үшін жобаға қатысып жатқан ұстаздар қосымша біліктілігін арттыру курстарында тәлім алды.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы арқылы шағын жинақты мектептердегі кадр тапшылығы мәселесі, білім сапасының төмендігі деген сияқты мәселелерді шешу жоспарланып отыр. Яғни осы жобаның нәтижесі бойынша қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою, ауыл мектептерінде сабақ беретін мұғалімдердің әлеуетін көтеру мақсаты жоспарланып отыр.

Оқу жылы аяқталған соң мамандар министрлікке жоба нәтижесі бойынша шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлейтін болады.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков